Сүлеймен МӘМЕТ: Шер-ағаны іздейтінім бар
Түркістанда өткелі жатқан Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның белгілі қаламгерлері өз естеліктерін жеткізіп, туындыларын жіберген болатын. Жазушы-журналист Сүлеймен Мәмет өз естелігінде Шерағаның бір ерлігін баяндап берді.
«Шер-аға туралы өзім куә болғанды ғана айтуды мақсат еттім. Қазақтың біртуар ұлы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың мерейтойы елордада Конгресс Холл шағын сарайында өтті. Игі жақсы түгел қатысты, шетелден келген қонақтар да аз болмады. Жиынды сол кездегі Үкімет басшысы Д.Ахметов бастан аяқ орысша жүргізіп отырды. Шетелдіктер өз тілінде сөйледі. Есе тиген бауырлар орысша көсілді.
Бір кезе Шер-ағаның зор дауысы естілді. Сілтідей тынып отырғандар жалт қарасты. «Даниял Кенжетайыш! – деді Шер-аға орнынан атып тұрып, найзадай қолын алға сілтеп, бурадай буырқанып,- Ел болдық дейміз, сол елдің тілі қайда қалды? Бұл шүлдір не шүлдір, ана шеттен келгендер не дейді? Қазақтың тілі жоқ екен демей ме? Ұят! Қашанғы ұялмай жүре береміз? Басқа басқа, ана еуропалықтардың алдында бетімізден от шықпай қалай шыдап отырмыз?».
Ол күнгі шара туралы газетке есеп жазу маған жүктелген. Орындадым. Әлемді мойындатқан, іргелес ел бас иген қазақ батыры туралы жан-жақты қамтып, Шер-ағаның шерін шертіп, ұлы жазушы осылай ашынып, ашық айтты, ұялар пенде табылса, деп сөз аяғын түйдім.
Келесі күні жұмысқа келіп, газеттің күйбең тірлігімен отыр едім, телефон безгек тигендей безілдеп кетті. Тұтқаны көтердім. Шер-аға! Сәлем бердім. Сәлемімді алды, рақмет айтты. «Ал енді,- деді,- сіз мені ұлы жазушы депсіз. Ниетіңіз дұрыс болар, бірақ ұлы сөзі – үлкен сөз. Кез келгенге тели беруге болмайды. Обал. Мен білетін қазақта екі ұлы ғана бар. Біріншісі – Абай, екіншісі – Мұхтар Әуезов! Есіңде болсын, қалған бүгінгі ұлылар мен қаптаған қайраткерлер уақытша, жарнама, көңіл жықпастық, жалпақ шешейлік. Бұдан былай маған, өйтіп, көпшік қойма, мен көрнекінің өзін көп көріп жүрген адаммын. Тіл дегендегі күпті көңіліңді түсіндім, сау бол,- дей бергенде «Шер-аға! - дедім. - Иә, не?», - деген жазушы-журналист ойын былай түйіндейді: «Теріс аяқтар Шер-ағаның көзіне түсіп қалмайық деп жылғаны жағалайтын. Енді еркіндік оларға, аяғы жеткенше жүреді, жағы талғанша сөйлейді. Осындайда ұлтының адал ұлы болған, жұртының шындық жолындағы шынайы «құлы» болған «Кермиығым кербезім, Керіскідей шандозым, Құландай ащы дауыстым, Құлжадай айбар мүйіздім»,- деп Исатайын іздеген Махамбетше Шер-ағаны іздейтінім бар. Өзі – сағым, сөзі – анық, соны қуат қыламын».