Келестегі әжелер ән салды
Биыл еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік, қазыналы қарияларды бір шаңырақ астына біріктіріп отырған Қазақстан ардагерлер ұйымының құрылғанына – 35 жыл толды. Бүгінде қоғамда өзіндік орыны бар іргелі ұйым өңірдің саяси, әлеуметтік – экономикалық дамуына белсенді атсалысып келеді.
Аталмыш датаға орай Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Әжелердің әдемі әуені» атты салтанатты іс-шара өтті. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрапқты тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ахмет Мұхамеджанов, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасыны Шералы Сәрсенұлы және ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Мерекелік шараға аудан аумағындағы ауылдық округтерінен келген әжелер өз өнерлерін көрсетті.
- Ардаргерлер кеңесінің құрылуы мен өркендеуіне жергілікті ардагерлердің сіңірген еңбегі орасан зор. Бүгінгі күні олардың еңбегі елеусіз қалмай, түрлі марапаттарға бөленді. Арагерлеріміз жасымыз келді деп, үйде жатқан емес. Бүгінгі шара барысы сөзіме дәлел болып, ардагер әжелеріміз өз өнерлерін ортаға салып, көптің көңілін қуантуда. Әлі алда еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін өз жиған тәжірибемізді барынша қолдана отырып, жастарға дұрыс бағыт беруді тоқтатпаймыз, - дейді аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы.
Әже дегенде – көз алдыңа бұтағы сала-сала, жасыл жапырағы жайнаған, төңірегі текемет түріндей алып бәйтерек келеді. Түбіндегі білеу-білеу, жуан-жіңішке алақан секілді тамырдан күн шуағындай шалқыған күлкіні, әдемі тірлікті көргендей боласың. Соның бәрінің ұйытқысы ақ жаулықты әжедей сезіледі. Әлгі әженің таза балдай тілімен, тұнық үнімен: «Туғанда дүние есігін ашады өлең» (Абай), деп алып, «Шырылдап туған сәбиге, жаялық еттім өлеңді» (Нартай Бекежанов), «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем! Айналайын, шырағым, Көлге біткен құрағым. Маңдайдағы құндызым, Аспандағы жұлдызым, Әлди, әлди, әлди-ай, Әлди бөпем, ұйықта жай!» деп, «Арша ма екен бесігі, Өрік пе екен бесігі, Көп болса екен несібі» деген тілегін, «Өс, бөпем, өсе бер, Алғыс айтсын шешеңе ел. Палуан боп өс білекті, Батыр бол таудай жүректі! Аяғыңды созайын, Саусағыңды жазайын, Етті болсын балтырың, Епті боп өс жарқыным, Айналайын құлыным!», деген әдемі әуені жер әлемді шарлап кеткендей күй кештіріп, сарайыңды ашады.
Тал бесікте немерелері мен шөберелерін осылай әспеттеген асыл әжелер ұл мен қыздың ғана бағбаны емес, ұлттың да ұйытқысы бола білген.
Ал, әже әлдиіндегі әлем ше, ол тұнып тұрған салт-дәстүр, әдет-ғұрып. Қара өлеңге негізделген әже әлдиі әлемдегі ең әдемі ән. Әже әлдиі-қазақ халқының болмысындағы жазылмаған шынайы оқулық, қасиетті ілім. Әженің тәлім-тәрбиесін алған қазақтың біртауар азаматтары терең білімді, жан-жақты әрі ерекше сұңғыла болып өскенін тарихтан білеміз. Міне, осындай әжелердің әуезді әндері осы кеште шырқалды.
Айта кетейік әжелердің әдем әуені тақырыбындағы мұндай фестивальдер жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бүгінгі іс-шараға ауданға қарасты 12 ауылдық округінен құралған топтар қатысты. Өз өнерін ортаға салған ансамбльдердің әрқайсысы сахна төрінде мәні мен мағынасы терең халық әндерін, сондай-ақ тандық композиторлардың шығармаларын кәсіби орындаушылардан кем түспей, асқан шеберіһлікпен орындап шықты.
Талантымен таңдай қақтырған, үнінің сыңғыры бұзылмаған асыл әжелер халық әндерін жатқа біледі. Тарихына да қанық десек артық айтпаймыз. Осындай мазмұнды шараның басы-қасында жүрген Келес аудандық әжелер алқасының төрайымы Әділет Әзімқұлованың айтуынша мұндан шаралардың түпкі мақсаты ертеде ата-баба аманнатаған ән-жыр, термелерді қайта жаңғыртып, салт-дәстүрді келешек кемел жас ұрпақтың бойына сіңіру. Кейінгі буын арасында кеңінен насихаттау. «Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты мынау өскелең ұрпағымызға ұмытылып бара жатқан халық әндерін, патриоттық, отансүйгіштік әндерді насихаттау. Іс шараға барлық ақ жаулықты әжелер үлкен құлшыныспен қуана дайындалып келді»,- дейді ол.
Ұлттық рухты оятып, салт-дәстүрі мен өнерін қайта жаңғыртып жүрген әжелердің еңбегі әрқашан бағалауға тұрарлық Осыны ескерген ұйымдастырушылар шара соңында фестивальге қатысқан барлық әжелерге ақ жаулық жауып, келес аудандық ішкі саясат бөлімінң атынан алғыс хаттар табысталды.
Әжелер өнері, әжелер мектебі, олардың өнегесі бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық. Бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы. Бүгінгі іс-шара барысында халық әндерін әжелердің әуені арқылы құлаққа сіңіру, болашақ ұрпаққа насихаттау болып табылды.