«Мәңгілік елім – Қазақстан» фотокөрмесі өтті
Рейспублика күні қарсаңында Нәзір Төреқұлов музейінде «Мәңгілік елім – Қазақстан» атты фотокөрме өтті. Көрермен назарына тарихи сәттерде түсірілген фотолар мен қанатты сөздер ұсынылды.
Қазақтан шыққан тұңғыш дипломатқа арналған Нәзір Төреқұлов музейі 2006 жылғы қараша айында қоғамдық негізде Нұрмахан Назаровтың басшылығымен Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев музейінде арнайы бөлме болып ашылған. Кейін Шымкент қаласына көшіріліп, 2018 жылдың тамыз айынан бастап Нәзір Төреқұлов музейі Түркістан облыстық Тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа қарасты музей филиалы болып бекітілген. Бүгінде «Ұлы дала елі» орталығының филиалы.
Нәзір Төреқұлов музейінде ай сайын Нәзір Төреқұловты насихаттау, жастарға таныстыру мақсатында түрлі іс-шаралар мен көрмелер өтіп тұрады. Музейге ай сайын мектеп оқушылары мен колледж студенттері, қала қонақтары келіп тұратын, бірақ қазіргі таңда бүкіл әлемде болып жатқан келеңсіз жағдайға байланысты музей өз жұмысын онлайн форматта жүргізіп отыр. Дегенмен де музейге келген қонақтарға карантин талаптарына сай қызмет көрсетіліп тұрады. Музейге экскурсия жасауға келген қонақтарға музей қызметкерлерінің қызметі қашанда әзір. Жақында ғана аталмыш музейінде «Мәңгілік елім – Қазақстан» атты фотокөрме өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған көрмеде көрермен назарына тарихи сәттерде түсірілген фотолар мен қанатты сөздер ұсынылды.
Фото көрмені тамашалауға келген қонақтар мен оқушыларға экскурсия жүргізуші Ташимов Бағлан таныстырды. Ол өз сөзінде: «1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды» деп мейрамның маңыздылығына тоқталды.
Музей үш экспозициялық залдан тұрады:
- Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметінің белестері;
- Нәзір Төреқұлов – дипломатия көшбасшысы;
- Кино зал.
Музей экспозициясын Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметі жайындағы мұрағат құжаттары, суреттері, қол қойған бұйрықтары, баспасөз бетіне жарияланған мақалалары толықтырып тұр. Сонымен қатар Нәзір Төреқұловтың қызы Әнел Нәзірқызының музейге арнайы тапсырған әкесінің жеке заттары: жұмыс столы мен орындығы, жұмыс кабинетінде қолданған сиясауыты, патефоны, қол сандығы және әкесі Төреқұлдың ұстаған жез құманы сияқты экспонаттарымен бірге Нәзір Төреқұловтың өз қолымен салған суреттерінің көшірмесі де бар.
Шара барысында музейге келушілер аталмыш көрмеге белсене атсалысып, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сондай-ақ олар құнды ақпарат алып, көрме алдына естелік фотоға түсті.