«Қасқыр ұлыған түн» Созақта сахналанды
Киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымның ыстық ілтипатына бөленіп, сонымен қатар проза жанрында да қалам сермеп жүрген жергілікті ақын, жазушы, аудармашы Елнұр Қайратұлының «Күзге сыр» атты рухани әдеби-сазды қойылымы Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы, «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өтті.
«Қарт Қаратау қазыналы етегің,
Өткен күннен құлағыма жетеді үн.
Ұлы атыңды Шәмші қосқан әніне,
Теріскейім қасиетті мекенім.
Күйін толғап Сүгір, Жаппас тартқан жер,
Төлегендер, Генералдар ақтангер.
Қарабура, Шашты Әзіз, Ысқақ баб,
Саңғыл билер мәңгі тыным тапқан жер» - деп өзінің туған жеріне деген махаббатын жырға қосқан әдебиет айдынында өзіндік орынын қалыптастырып, оқырмандарға керемет туындыларын сыйлап жүрген ақын Елнұр Қайратұлының рухани әдеби-сазды қойылымы «Қасқыр ұлыған түн» сахналық қойылымымен ашылды. Тек өлең шығарумен ғана шектелмей қалың оқырманның ерекше ықыласына бөленіп, өз оң бағасын алып үлгерген «Қасқыр ұлыған түн» атты прозасы өмірде болған шынайы оқиғалардан бастау алған.
Қазіргі таңда бұл проза монологшы Қуат Ахметжанның оқуымен әлеуметтік желіде 750 мыңнан аса қаралым жинаған. Прозада жолаушылардың жолда қалып, көліктерінің бұзылып, жүруге жарамсыз қалуынан басталған оқиға желісі ана мен бала арасындағы жүректі шымырлатар азапқа толы сәттерімен жалғасады. Бұл оқиға жазушының өз өмірінен алынған. Шығармадағы «Ермек» атты кішкентай бала – автордың өзі болатын... Жазушының осынау прозасын драматургияға айналдырып, сахналаған Созақ халық театрының режиссері Рүстем Ерназаров халық қошеметіне бөленді.
Қойылым аяқтала, сахна төріне ақынның туған жері Жуантөбе ауылы жайлы жазылған «Мен қайданмын?!» атты өлеңін мәдениет қызметкері Төлбай Әбілқасым нақышына келтіре оқып, көрерменнің назарына Елнұр Қайратұлына арналған бейнебаян көрсетілді.
Ақын, жазушы, аудармашы Елнұр Қайратұлының шығармашылығына арналған рухани әдеби-сазды қойылымды аудан әкімінің орынбасары Оразов Қалдыбек Әбілдаұлы сөз сөйлеп ашып, Елнұр Қайратұлына аудан әкімі Тұрысбеков Мұхит Сексенбайұлының атынан құттықтау хат табыстады.
Осынау бір күз мезгілінің сағынышты күндерін боямыз жеткізе білген ақын, күздің кереметі сағынышқа толы жүректі жұлып алып, әуеде әуелете ән салдырып, көңіліңді күңірентсе де ішкі жан дүниеңе шынайы бір сезім сыйлайтынындай көрсете білген жыр шумақтарын әсем әнге ұластырғандай. Елнұр Қайратұлының сөзіне жазылған сазгер Гүлжанат Мұхамеджанның «Сағыныш» әнін «Жігіттер» тобының әншісі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, кештің қадірлі қонағы Ердос Қанаев нақышына келтіре орындап, осы әнге арнайы түсірілген бейнебаян көрермен назарына ұсынылды.
Рухани әдеби-сазды қойылымда жылы лебіздерін білдіру үшін ақын , жазушы, халықаралық ақындар айтысының жүлдегері, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Жазушылар одағының мүшесі Бөрібай Оразымбет және ақынның ұжымдастары атынан «Казатомпром – SaUran» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қанжуған» кенішінің басшысына сөз берілді. Ыстық ықыластарын жеткізіп, ақынға сый-сыйапат жасалды.
Ақынның махаббат тақырыбында жазылған әсем әніне кезек беріліп «Мыңжылқы» мәдениет үйінің әншілері Айдос Әлқуат, Шамшидин Диана аұые Елнұр Қайратұлының сөзіне жазылған сазгер Айзада Бекенқызының «Гүл сезім» әнін көрермен назарына ұсынды.
«Теңеп айтқан дәлірек қазағым да,
Балалы үй демейме базарлы да.
Торсық шеке дүниеге сәби келсе,
Бұл өмірдің балаған ғажабына.
Тентектігі болсада, былығы да
Ренжи алмай жүресің құлыныңа.
Бұл өмірде жетпейді-ау еркелеп бір,
Шаршағанды басатын қылығына» - деп ақынның «СӘБИ ҮНІ» атты жаңа туындысын Созақбай Талғат әсем қоңыр дауысымен орындап, көрерменнің ыстық ілтипатына бөленді.
– Өлең шығару – ең әуелi қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйедi. Егер мен ондай толғақ үстiнде жарым жолда тоқтай қалсам, кейiн онда ой соңынан қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам. Өлең деген құдіретті сезіну үшін көп ізденіп, сол өлеңнің табиғатын ашу үшін, жұдырықтай жүректі де тыңдай білу керек, – деп ақын Елнұр Қайратұлы өзі жайлы сыр шерткен болатын.
Иә, табиғаты ұяң, адами қасиеті жоғары, қарапайымдылық бейнесімен қандай ортада болсада тіл табыса білетін ақын, өмірде өнерін түсіне білетін өнер жолында жүрген бірнеше шығармашыл жандармен байланыс орнатып, соңы достықпен ұласқан екен. Сол достық сезіммен ақынға деген үлкен құрметтерін бейнебаян арқылы Алматы қаласынан Борсабаев Сыздық Ергентайұлы, Байғали Есенәлиев, Дулыға Ақмолда, Салтанат Айбергенова, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, Иранғайып сынды ақындар мен әншілер құттықтауларын жолдапты.
«Ізін бас деп Мұқаңдай қаламгердің,
Титтей дарын адасып маған келдің.
Жүргенімде алаңсыз аманаттап
Қойын дәптер қолыма қалам бердің.
Қалдырсам деп артымда бірер өлең,
Айтылмаған сөздерді түгендегем.
Өз әлемім, өз жолым, жырларыммен
Тәуекелмен қашанда түрегелем» - деп ақын поэзия әлемінде қалам сермеп, ішкі толғаныстары мен бұлқыныстарын тың туындыларын жарыққа шығарып келеді. Ақынның туған жеріне деген ыстық махаббатына арқау болған өлеңдерінен жинақталған әдеби композицияны мәдениет үйінің қызметкерлері Әлжанов Еркебұлан, Созақбай Талғат, Орынбасарұлы Бағлан, Шамшидин Диана Төлбай Әбілқасым нақышына келтіре орындап шықса, кітапханашы Балнұр Жұмабаева мен Төлбай Әбілқасым «Ғашықтық сыры» атты қос ғашықтың бір-біріне деген сезімін ақындайтын жыр шумағын ұсынды.
Өнердің жібін өріп тілдескен, жаны әуенмен жағалай үндескен, әуенді жанының серігі етіп, музыка әлеміне бой алдырып, «Жауапсыз махаббат» атты лирикалық әні мен «Ұстазға арнау» әндері сазгердің Гүлжанат Мұхамеджанның орындауында шырқалды.
Рухани әдеби-сазды қойылым соңы ақынның күзгі табиғатпен сырласу бағытында өмірге келген әнші Ердос Қанаев пен Гүлжанат Мұхамеджан орындауында «Күзге сыр» атты әсем әнімен аяқталды.
Көрерменнің көзайымына айналған рухани әдеби-сазды қойылым үлкен қошеметке ие болды.
«Мыңжылқы» мәдениет үйінің бірінші қабатынан бастап күз бояуымен әсем безендірілген фойеде ақынға арнап аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен "Сағыныш деген сары күз», «Жемісті, жеңісті жылдарым», «Қасқыр ұлыған түн», «Өз әлемім, өз жолым жырларыммен» төрт бөлімнен тұратын кең көлемде «Күзге сыр» атты тақырыпта көрме мен кітап инсталляциялары жасалып, оқырманның назарына ұсынылды.