Алтын ұрлаған адам ұсталды
Түркістан облысының полицейлері алтын бұйымдар сататын дүкенді тонаған күдіктіні ұстады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Кентау қалалық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғынның айтуынша, белгісіз біреулер зергерлік шеберхана-дүкеннің есігін бұзып кіріп, алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 9 миллион теңгені құрады.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын және өзге де айғақтарды зерделеп, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрлық жасады деген күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотталған жергілікті тұрғын болып шықты. Оның тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігі және басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бағытында қажетті тергеу әрекеттерін жалғастыруда.



