Жаңаөзенде дәрігерді жұмыс орнында пышақтап кетті
Журналист әрі қоғам белсендісі Айсұлу Дүтбаева фейсбук парақшасында Жаңаөзен қаласындағы ауруханада болған сұмдық оқиғаны хабарлады деп жазады Оinet.kz тілшісі.

Оның мәліметінше, ауруханада дәрігер-терапевтке пышақпен шабуыл жасалып, ол алған жарақаттарынан көз жұмған. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін өз еркімен полицияға берілген, шабуыл 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де болған. Дәрігерлер әріптесінің өмірі үшін күрескенімен, алған жарақаттары өмірге қауіпті болып, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
"Анықталған мәліметтер бойынша қылмыстың дәрігердің жұмысына қатысы жоқ, тұрмыстық кикілжің болған. Куәгерлердің айтуынша қылмысқа қызғаныш себеп болған секілді. Күдікті мұнай саласының қызметкері екен. Ал оның әйелі сол ауруханада медбике болып жұмыс істейтін көрінеді",- деп жазды Дүтбаева.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Жаңаөзенде пышақ жарақатынан 29 жастағы ер адам қаза тапқан.
"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде, – деді полиция департаменті.


