Заңды білу — заман талабы

Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігіңді түсінудің де негізі. Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары Индустриалды-техникалық колледжінде өткен кездесуде жалғасты.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заңды білу — заман талабы» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шара барысында студенттерге күнделікті өмірде заң талаптарын сақтаудың маңызы, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және құқықбұзушылыққа жол бермеу жөнінде кеңінен түсіндірілді.
Кездесуге Шымкент қаласы Қаратау ауданы прокуратурасының прокуроры Бекзат Бахытұлы Иябай, Шымкент қаласы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілінің маманы Нұрлан Альжанұлы Мырзабай, Жастар ресурстық орталығы КММ-нің «Жастарды қолдау және стратегиялық даму» бөлімінің инспекторы Әсел Наралықызы Әбдразақ қатысты.
Мамандар жастарға заң талаптарын бұзудың салдарына тоқталып, кез келген құқықбұзушылықтың жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, айналадағы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу, дау-дамайды құқықтық жолмен шешу қажеттігі айтылды.
Кездесуде жастардың өз құқықтарын білуімен қатар, міндеттерін де түсінуі маңызды екені атап өтілді. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны, сондықтан кез келген жағдайда әрекеттің құқықтық салдарын алдын ала ойлау қажеттігі түсіндірілді.
Іс-шара барысында студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Құқықтық мәселелер бойынша жауаптар беріліп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кеңестер ұсынылды. Мұндай ашық кездесулер жастарға заң талаптарын құр теория ретінде емес, күнделікті өмірде қажет нақты білім ретінде қабылдауға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, әр азаматтың заңға құрметпен қарауын қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте жастарға құқықтық білім беру, құқықбұзушылықтың алдын алу және өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру жұмыстарының мәні зор.


