Жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру жұмысы жалғасуда

Қаржылық алаяқтықтың түрі көбейген сайын жеке қаражатты қорғау мәселесі де өзекті бола түсуде. Әсіресе әлеуметтік желі мен түрлі онлайн платформаларда тарайтын күмәнді ұсыныстар жастардың назарын жиі аударады. Осындай қауіптердің алдын алу және қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде арнайы кездесу өтті.
Іс-шара Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен, Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің үйлестіруімен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбындағы кездесуде жастарға күнделікті өмірде қаржылық қауіптен сақтанудың жолдары түсіндірілді.
Кездесуге «Азия Сервис» компаниясының құрылтайшысы Михаил Кан және Шымкент қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, полковник Даурен Бөрібайұлы қатысып, жастарға қаржы пирамидалары, дропперлік және қаржылық алаяқтықтың алдын алу жөнінде маңызды ақпарат берді.
Кездесу барысында қаржы пирамидасының негізгі белгілеріне тоқталды. Қысқа уақытта жоғары табыс табуға уәде беру, үлкен пайдаға кепілдік ұсыну, жаңа қатысушыларды тартуға басымдық беру секілді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттігі айтылды. Жастарға кез келген қаржылық жобаға ақша салмас бұрын оның қызметі мен заңдылығын тексерудің маңызы түсіндірілді.
Дропперлік мәселесі де назардан тыс қалмады. Өзгенің өтінішімен банк картасын немесе шотын пайдалануға беру, ақша аударымдарына қатысу адамды қаржылық операцияларға араластырып қана қоймай, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан жеке банк деректерін бөгде адамдарға бермеу, карта мен есепшотты өзге тұлғалардың пайдалануына жол бермеу қажеттігі ескертілді.
Сонымен бірге жастарға интернеттегі қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдары айтылды. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға банк қосымшасындағы құпия ақпаратты хабарламау, SMS-кодтарды бермеу және түсініксіз ұсыныстарға асығыс келісім жасамау қажеттігі түсіндірілді.
Іс-шара барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.


