Жастарға заңды білу – жауапкершілікті сезінуден басталады

Жастардың құқықтық сауатын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамдағы қауіпсіз ортаны қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Әл-Фараби ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттерімен кездесу өтті.
Іс-шара «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып, білім алушыларға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және өз құқықтары мен міндеттерін білу мәселелері түсіндірілді. Кездесудің негізгі мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастар арасында құқық бұзушылыққа немқұрайды қарамау түсінігін орнықтыру.
Кездесу барысында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Студенттерге құқықтық нигилизмнің, яғни заң талаптарын елемеу немесе оған немқұрайды қараудың салдары түсіндірілді. Өйткені заңды құрметтеу тек жауапкершіліктен қорғану емес, қоғамдағы ортақ тәртіпке үлес қосудың бір жолы.
Сонымен қатар жастар арасында кездесуі мүмкін буллинг, зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз әрекеттердің алдын алу мәселелері қозғалды. Мұндай жағдайларға бейжай қарамай, құқық бұзушылықтың белгілері байқалған кезде тиісті органдарға хабарлау қажеттігі айтылды.
Кездесудің тағы бір маңызды бағыты – есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымының алдын алу. Жастарға есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың заң алдындағы салдары түсіндіріліп, күмәнді ұсыныстар мен заңсыз әрекеттерге араласпау жөнінде ескертілді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және өзге азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу де кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша түсініктемелер алды.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет етуді емес, оның алдын алуды да көздейді. Бұл ретте жастармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Заңды білген, өз құқығы мен міндетін түсінген жас қауым қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарайды.
Құқықтық мәдениет қалыптасқан ортада тәртіпке деген жауапкершілік те күшейе түседі.


