Шымкентте тағы бір «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Шымкент қаласындағы №149 жалпы білім беретін мектепте қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Абай Атемқұловтың есімі берілген «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Жаңа сыныптың ашылуы жас ұрпаққа ел тыныштығын күзеткен азаматтың өмір жолын үлгі етуге және оқушылар арасында заң мен тәртіпке деген құрметті қалыптастыруға бағытталды.
Салтанатты шараға Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев, Қазақстан Республикасы ІІМ «АРЛАН» спорт клубының басшысы Шокан Жузенов, сондай-ақ батыр полицейдің ағасы, жұбайы мен ұлы қатысты. Шара барысында Абай Атемқұловтың қызметтегі ерлігі мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегі еске алынды.
«Жас сақшы» сыныбы – оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, олардың бойына жауапкершілік пен тәртіпті сіңіруге арналған арнайы орта. Мұнда жасөспірімдер полиция қызметінің қыр-сырымен танысып қана қоймай, құқық пен міндеттің арақатынасын түсінуге, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын ұғынуға мүмкіндік алады.
«Заң мен тәртіп» қағидатының негізінде әр азаматтың құқықтық мәдениеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігі жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасындағы мұндай бастамалар жас буынға заң талаптарын құрметтеудің мәнін ерте жастан түсіндіруге ықпал етеді. Құқық бұзушылықтың алдын алу да ең алдымен баланың санасына жауапкершілік ұғымын қалыптастырудан басталады.
Сыныпқа Абай Атемқұловтың есімінің берілуі де бекер емес. Қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полицейдің өмірі – Отанға адал қызмет етудің, кәсіби міндетке жауапкершілікпен қараудың үлгісі.
Жиында батыр полицейдің туған-туыстары да арнайы шақырылып, оның өмірі мен қызметіне қатысты керемет естеліктер айтылды. Бұл жас ұрпаққа ерліктің тек тарих бетінде қалатын ұғым емес, ел тыныштығы үшін күн сайын қызмет етіп жүрген азаматтардың, бейбіт күннің батырларының еңбегімен тікелей байланысты екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта «Жас сақшы» сыныбында оқушылардың құқықтық білімін арттыруға, патриоттық тәрбиесін күшейтуге және полиция қызметіне қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған түрлі шаралар өткізу жоспарланған. Мұндай жұмыстардың түпкі мәні – заңды білетін ғана емес, оны құрметтейтін, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарайтын жас буын тәрбиелеу.


