Студенттерге кибераялаяқтықтан қорғану жолдары түсіндірілді

Oinet.kz 19-09-2026

image.png

Шымкенттегі  Жол-көлік колледжінде жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кездесу өтті. Жиында студенттерге цифрлық технологияларды пайдалануда сақтық таныту, жеке деректерді қорғау, интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдары түсіндірілді.

Қазір жастардың күнделікті өмірі интернетпен тығыз байланысты. Білім алу, ақпарат іздеу, онлайн қызметтерді пайдалану, қарым-қатынас жасау,  қаржылық операциялардың басым бөлігі цифрлық ортаға ауысып келеді. Осыған байланысты интернетті дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану дағдыларын қалыптастырудың маңызы артуда. Кездесуде осы мәселелерге ерекше назар аударылды.

Шара барысында кибералаяқтықтың алдын алу, жеке деректерді қорғау, интернетті қауіпсіз пайдалану және киберқылмыстан сақтану мәселелері кеңінен талқыланды. Студенттерге күнделікті өмірде жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдері туралы айтылды. Айталық, белгісіз нөмірлерден келетін қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс сайттарға жеке мәліметтерді енгізбеу қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар банк картасының деректері, құпиясөздер, SMS арқылы келетін растау кодтары сияқты ақпараттарды бөгде адамдарға бермеудің маңыздылығы айтылды. Мамандар алаяқтардың адамдарды алдау үшін түрлі психологиялық тәсілдерді қолданатынын ескертіп, күмәнді жағдай туындағанда асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты қайта тексеруге кеңес берді.

Кездесудің  мақсаты – жастардың киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерді дер кезінде танып, сақтық шараларын дұрыс қолдануына ықпал ету. Себебі интернеттегі қауіпсіздік тек техникалық құралдарға емес, әр адамның өз әрекетіне де байланысты.

Іс-шараны Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы, «Әділет» партиясының қалалық филиалы және Шымкент қаласының Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан киберқауіпсіздікке қатысты нақты кеңестер алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары жастардың цифрлық сауатын арттырып қана қоймай, интернет кеңістігінде жауапты әрі қауіпсіз әрекет ету дағдысын қалыптастыруға бағытталған.

Шымкентте киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды
Шымкентте тағы бір «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу