Азаматтардың интернет кеңістігіндегі құқығын қорғау да маңызды

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының да көбеюіне әсер етіп отыр. Сондықтан азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласының прокуроры Елдос Сағиевтің төрағалығымен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, екінші деңгейлі банктердің, байланыс операторларының және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу және қылмыстарды ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, күдікті қаржылық операцияларды уақытылы анықтау мен бұғаттау тетіктері, ақпарат алмасудың тиімділігі және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар заманауи цифрлық қауіп-қатерлерге қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігіне тоқталды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және азаматтардың құқықтарын қорғауда ерекше маңызға ие. Интернет кеңістігіндегі қылмыстарға қарсы пәрменді іс-қимыл – заң үстемдігін нығайтудың маңызды бағыты. Азаматтардың жеке деректері мен қаржысын қорғау, күмәнді операцияларды жедел анықтау және заңсыз әрекеттердің жолын кесу құқық қорғау органдарының ғана емес, банк жүйесі, байланыс операторлары және басқа да уәкілетті мекемелердің ортақ міндеті. Бірлескен әрі үйлесімді жұмыс қана интернет-алаяқтықтың алдын алып, тұрғындардың цифрлық ортаға деген сенімін арттыра алады.
Қала прокуроры Елдос Сағиев азаматтарды алаяқтық схемаларынан қорғау үшін барлық мүдделі органдардың күш-жігерін біріктірудің маңызын атап өтті. Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша құқық қорғау және уәкілетті органдарға интернет-алаяқтықтың алдын алу, күдікті қаржылық операцияларды дер кезінде анықтау, ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейту және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Қабылданған шешімдер Шымкент қаласында цифрлық қауіпсіздікті күшейтіп, қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қызмет етеді.


