Құқықтық тәрбие мен тазалық мәдениеті – жас ұрпақтың басты құндылығы

Oinet.kz 04-08-2026

Screenshot_3.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырумен қатар, азаматтардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар өскелең ұрпақтың санасына заңға құрмет пен қоғамдық тәртіптің маңызын сіңіруден басталады. Осы мақсатта Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Тазалық сақшылары» жобасы шеңберінде оқу-сауықтыру лагерінде демалып жатқан оқушылармен танымдық-профилактикалық кездесу өткізді.

Іс-шара барысында оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттырудың, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау мәдениетін қалыптастырудың және заң талаптарын құрметтеудің маңызы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанудың қоғам үшін маңызды екені кеңінен айтылды.

Кездесу барысында мамандар тазалық сақтау – тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Оқушыларға қоршаған ортаның тазалығы адамның мәдениеті мен тәрбиесінің көрінісі екені түсіндіріліп, қоғамдық орындарды таза ұстау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және туған өлкенің көркеюіне үлес қосудың маңыздылығы жөнінде тағылымды әңгімелер айтылды.

Сондай-ақ коммуналдық сала қызметкерлерінің қоғамдағы еңбегі ерекше бағаланатыны, олардың күнделікті қажырлы қызметі қала тазалығы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей ықпал ететіні атап өтілді. Балалар еңбек адамын құрметтеу, адал еңбекке жоғары баға беру және қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарау – құқықтық мемлекетке тән қасиет екені жөнінде құнды ақпарат алды.

Кездесу соңында оқушылар заң талаптарын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық тәртіпті нығайту әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Осындай тағылымды кездесулер жас буынның құқықтық санасын қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін арттыруға, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтуға және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыруға берік негіз қалайды.

Қайталама қылмыстың алдын алу – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бағыты
«STOP-RISK» жобасы жемісін беруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу