Шымкент полицейлері танымал блогермен бірге түнгі рейдке шықты

Oinet.kz 29-07-2026

Screenshot_10.jpg

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруды, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Осы мақсатта Шымкент қаласы Полиция департаменті құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарға қоғам өкілдері мен танымал медиатұлғаларды кеңінен тартып келеді. Бұл тәсіл құқық қорғау органдарының ашықтығын арттырып қана қоймай, тұрғындардың заңға деген құрметін нығайтуға мүмкіндік береді.

Осы бағыттағы кезекті іс-шара аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері танымал блогер Жасұлан Жілкібаевпен (Zhassulan Jilkibayevv) бірге түнгі кезекшілікке шықты. Бірлескен рейдтің мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Кезекшілік барысында Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтап, әрбір құқық бұзушылық бойынша қолданыстағы заң талаптарын түсіндірді. Полицейлер жүргізушілерге жолдағы тәртіптің сақталуы тек әкімшілік жауапкершіліктен құтылу үшін емес, ең алдымен адам өмірі мен денсаулығын қорғау үшін маңызды екенін жеткізді.

Рейд кезінде көлік құралдарына зауыт өндірушісі белгілеген техникалық талаптарға сәйкес келмейтін LED жарық шамдарын заңсыз орнатқан жүргізушілер де анықталды. Заң талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, олардың көліктері арнайы айып тұрағына қойылды. Мұндай заңсыз өзгерістер қарсы бағыттағы жүргізушілердің көзін шағылыстырып, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупін едәуір арттырады.

Блогердің рейдке қатысуы полиция қызметінің күнделікті жұмысын көпшілікке ашық көрсетуге және әлеуметтік желі қолданушылары арасында жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Бұл – құқық қорғау органдары мен қоғамның өзара әріптестігін нығайтудың тиімді үлгісі.

Шымкент қаласы Полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай профилактикалық іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастырады. 

Тікелей эфирде тәртіп бұзған азамат жауапқа тартылды
200-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу