Тікелей эфирде тәртіп бұзған азамат жауапқа тартылды

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және әрбір азаматтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Бұл қағидат тек қоғамдық орындарда ғана емес, цифрлық кеңістікте де бірдей қолданылады. Бүгінде әлеуметтік желілер азаматтардың еркін пікір алмасу алаңына айналғанымен, интернеттегі әрекеттер де қолданыстағы заң талаптарына толық бағынады.
Осыған байланысты Шымкент қаласында әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізу барысында қоғамдық әдепке қайшы келетін былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері интернет кеңістігіне жүргізілген тұрақты мониторинг барысында құқық бұзушылық дерегін анықтап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушыға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әлеуметтік желілерде жарияланған кез келген материал, тікелей эфир немесе пікір заң аясында бағаланады. Сондықтан интернет пайдаланушылары өз әрекеттері мен жариялаған контенті үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Әлеуметтік желілердегі еркіндік заң талаптарын бұзу немесе қоғамдық моральға қайшы әрекеттер жасау құқығын білдірмейді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті азаматтарға интернет кеңістігінде құқықтық мәдениетті сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салады. Лақап атпен тіркелу, жасырын аккаунт пайдалану немесе өзге адамның атынан парақша ашу заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Құқық бұзушылық жасаған тұлғаның жеке басы заңды тәсілдер арқылы анықталып, оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шара қолданылады.
Қоғамдағы тәртіп пен өзара сыйластықтың сақталуы әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан құқық қорғау органдары тұрғындарды әлеуметтік желілерде мәдениетті қарым-қатынас жасап, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының басты мақсаты – қоғамда құқыққа құрметті арттыру, заң бұзушылықтың кез келген түріне жол бермеу және қауіпсіз әрі жауапты ақпараттық ортаны қалыптастыру. Интернет кеңістігіндегі тәртіп – құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі.


