Халықтың үніне құлақ асу – қауіпсіздіктің берік негізі

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының ғана емес, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі. Ал қауіпсіз ортаны қалыптастырудың маңызды тетігі – халықпен ашық диалог орнатып, азаматтардың ұсынысы мен талап-тілегіне дер кезінде құлақ асу. Осы ұстаным «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзегіне айналып отыр.
Әл-Фараби ауданында өткен кездесуде Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев тұрғындармен еркін пікір алмасып, азаматтардың көкейінде жүрген сауалдарына тікелей жауап берді. Ашық форматта өткен жүздесуде тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді бүкпесіз айтып, полиция басшысына ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Кездесуде қоғамдық қауіпсіздік, жол қозғалысын ұйымдастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Әсіресе күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелерді шешуде полиция мен халық арасындағы байланысты нығайтудың маңызы атап өтілді.
Мұндай кездесулердің құндылығы – тұрғындардың ұсынысы тыңдалып қана қоймай, оның нақты шешімге бағытталуында. Жиын барысында азаматтар көтерген әрбір мәселе назарға алынып, оларды шешу бойынша жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Департамент бастығы тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы өзінің жеке бақылауында болатынын атап өтті. Бұл – халықпен кері байланыстың жай ғана есеп үшін емес, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.
Құқық бұзушылықтың алдын алу да халықпен тығыз байланыс орнатудан басталады. Тұрғындар өз аумағындағы мәселелерді полицияға дер кезінде жеткізсе, құқық қорғау органдары да қауіптің алдын алып, тиісті шараны ертерек қабылдай алады. Сондықтан мұндай кездесулер азаматтық белсенділікті арттырып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралына айналады.
«Заң мен тәртіп» – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі. Ал халықтың пікіріне құлақ асып, көтерілген мәселеге нақты жауап беру – сол тәртіпті орнықтырудың маңызды шарты.
Тұрғын мен полиция арасындағы ашық диалог жалғасқан сайын өзара сенім де беки түседі. Ал сенім бар жерде ортақ жауапкершілік, тәртіп және қауіпсіздік те нығаяды.


