Азаматтардың өтініштерін сапалы қарау – заң үстемдігінің маңызды талабы

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласының прокуратурасында Полиция департаментіне келіп түскен арыздар мен шағымдарды қарау сапасы мен заңда белгіленген мерзімдердің сақталуына арналған мекемеаралық мәжіліс өтті. Басқосу барысында азаматтардың өтініштерін қарау тәжірибесі жан-жақты талданып, қолданыстағы заңнама талаптарының орындалу деңгейіне кешенді баға берілді.
Мәжілістің негізгі мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту, өтініштерді қараудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің сапасын жақсарту болды. Қатысушылар өтініштерді уақытылы әрі сапалы қарау – мемлекеттік қызметтің маңызды көрсеткіші ғана емес, қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті.
Талқылау барысында кейбір арыздар мен шағымдардың заңда белгіленген мерзімдерде қаралмағаны, жекелеген өтініш иелеріне толық әрі уәжді жауаптардың берілмеуі, қарау мерзімдерінің негізсіз созылуы және заң талаптарының сақталмауына жол берілгені айтылды. Мұндай кемшіліктер азаматтардың құқықтарының бұзылуына әкеліп қана қоймай, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігіне де кері әсерін тигізетіні ерекше назарға алынды.
Осыған байланысты Полиция департаментінің жауапты құрылымдарына азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру, әрбір арызды жан-жақты зерделеу, заңда көзделген мерзімдердің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз ету және ведомстволық бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар өтініштерді қарау барысында заңдылық, әділдік және ашықтық қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.
Жиында өтініштерді қараудың әрбір кезеңіне жауапкершілікпен қарау, өтініш иелерімен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету және қабылданған шешімдердің заңдылығына тұрақты мониторинг жүргізу мәселелері де көтерілді.
Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтардың әрбір арызы мен шағымы мұқият қаралуы тиіс екенін атап өтті. Өйткені өтініштерді сапалы әрі уақытылы қарау – заң үстемдігін қамтамасыз етудің, құқық қорғау органдарына деген қоғамдық сенімді нығайтудың және құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі.


