Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тиімді алаң

Oinet.kz 18-06-2026

83.jpg

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласының Абай ауданында «Dala mall» сауда кешенінде тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге арналған «Құқықтық дәріхана» акциясы ұйымдастырылды. Абай ауданы прокуратурасының бастамасымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, өзекті құқықтық мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді кері байланысты дамыту.

Акция барысында прокуратура қызметкерлері мен жауапты мемлекеттік органдардың мамандары тұрғындарды жеке қабылдап, қолданыстағы заңнама талаптары бойынша жан-жақты құқықтық кеңестер берді. Азаматтарға құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі, өтініштерді қарау рәсімі және заңнамалық өзгерістер туралы түсіндірілді. Ашық форматтағы мұндай кездесулер тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді тікелей жауапты мамандарға жеткізуіне мүмкіндік берді.

Іс-шара аясында 50-ге жуық азамат қабылданды. Тұрғындар тұрғын үй қатынастары, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, жер мәселелері, алимент өндіру, атқарушылық іс жүргізу, әкімшілік құқық бұзушылықтар және басқа да құқықтық бағыттар бойынша сұрақтарын қойды. Әрбір өтінішке жеке назар аударылып, заң талаптарына сәйкес толыққанды түсіндірмелер мен нақты ұсынымдар берілді. Азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуы – құқық бұзушылықтардың алдын алудың және қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі. Өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білетін азамат мемлекеттік қызметтерді тиімді пайдаланып, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге ұмтылады.

«Құқықтық дәріхана» акциясы тұрғындардың құқықтық көмекке қолжетімділігін арттырып қана қоймай, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға және ашық диалог мәдениетін дамытуға да ықпал етті. Абай ауданы прокуратурасы алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғауға, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және тұрғындарға сапалы құқықтық қолдау көрсетуге бағытталған осындай іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады.

Халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету жалғасуда
Қауіпсіз жол – әрбір азаматтың жауапкершілігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу