Ордабасыда 339 миллион теңгені құрайтын 40 жобаға қолдау көрсетілді

Oinet.kz 17-06-2026

image.png

Ордабасы ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа бизнес бастамаларды қолдау және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта «TURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ-нің аудандық бөлімі кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктерді кеңінен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде.

Орталық мамандары кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірумен қатар, бизнес-жобаларды әзірлеу, сүйемелдеу және қаржыландыру көздеріне қол жеткізу бойынша кешенді қызметтер ұсынады. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие бағдарламалары, мемлекеттік гранттар және өзге де қаржылық қолдау тетіктері туралы кеңес беріліп, әрбір жобаның тиімді іске асуына бағытталған жеке сүйемелдеу жүргізілуде.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге бизнес-жоспар әзірлеу, қажетті құжаттарды рәсімдеу, қаржы институттарына өтінім дайындау және оларды тиісті органдарға ұсыну бойынша практикалық көмек көрсетіледі. Бұл шаралар кәсіпкерлік бастамалардың сапалы дайындалып, сәтті жүзеге асуына мүмкіндік беруде.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында орталық мамандары тарапынан 152 кеңес беру қызметі көрсетілді. Осы уақыт аралығында 74 бизнес-жоспар әзірленіп, кәсіпкерлердің жобаларын іске асыруға негіз қаланды. Сонымен қатар жалпы құны 339 миллион теңгені құрайтын 40 кәсіпкерлік жобаға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді.

Кәсіпкерлерді қолдау тек қаржыландыру мәселелерімен шектелмей, әкімшілік және құқықтық рәсімдер бойынша да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жер учаскелерін рәсімдеу, нысаналы мақсатын өзгерту, құрылыс салуға рұқсат құжаттарын алу, техникалық шарттарды рәсімдеу және инженерлік инфрақұрылым желілеріне қосылу мәселелері бойынша жан-жақты түсіндіру және сүйемелдеу қызметтері көрсетілуде.

Бұл бағыттағы жұмыстар кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және бизнес жобаларды жедел іске қосуға мүмкіндік беріп отыр.

Жалпы алғанда, Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі артып, шағын және орта бизнестің белсенділігі күшеюде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал етуде.

Алдағы уақытта да кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

8 жылда Түркістан экономикасы тұрақты өсім көрсетті
Терроризмге қарсы комиссия отырысы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу