8 жылда Түркістан экономикасы тұрақты өсім көрсетті

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырды.
Соңғы сегіз жыл ішінде Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 3 есеге өсіп, 5 трлн теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,7 трлн теңгені құраған болатын. Бұл өңір экономикасының тұрақты дамуы мен әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасып, өндіріс көлемі айтарлықтай артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 596,1 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге өсті. Бұл кезеңде өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінді.
Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында 2026 жылы жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар нәтижесінде 703 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы құны 11,2 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 278 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен өңір экономикасын әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және индустриялық аймақтарды кеңейтуге басымдық берілген.
Бүгінде облыста жалпы аумағы 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда жалпы құны 60,8 млрд теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске қосылып, 3 073 жаңа жұмыс орны ашылған. Алдағы кезеңде құны 96,4 млрд теңгені құрайтын тағы 47 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда қосымша 2 791 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Индустриялық аймақтарға жаңа өндірістерді орналастыру жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Биыл өңірлік үйлестіру кеңесі жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын және 519 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 инвестициялық жобаға қолдау білдірді.
Өңірде арнайы экономикалық аймақтар да тиімді жұмыс істеп келеді. Жалпы көлемі 3 603,3 гектарды құрайтын, 10 субзонадан тұратын арнайы экономикалық аймақ құрылып, оның 1 450 гектары өндірістік аймақ ретінде белгіленген. Бұл алаңдар ірі өндіріс орындарын орналастыруға және экспортқа бағытталған өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субзоналарында жалпы құны 875,3 млрд теңгені құрайтын 37 өнеркәсіптік жоба тіркелген. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік қуатын арттырып, жаңа өндірістік кластерлердің қалыптасуына ықпал етуде.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында өндірістік алаңдарды дамыту жұмыстары да жалғасуда. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қолдауымен Сауран ауданының Шаға ауылында шағын өнеркәсіптік аймақ құрылды. Мұнда 40 өндірістік ғимарат салынып, жалпы инвестиция көлемі 136,3 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылды.
Аталған өндірістік алаңдарда ауыл шаруашылығы техникаларын, суару жүйелерін, металл бұйымдарын, пластикалық өнімдерді және өзге де өнеркәсіптік тауарларды өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Бұл ауылдық жерлерде де өндірістік белсенділіктің артуына ықпал етуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында индустриялық даму, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар өңір экономикасының тұрақты өсіміне негіз болып отыр. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, Түркістан облысын еліміздің жетекші индустриялық және инвестициялық орталықтарының біріне айналдыру көзделуде.


