Өңірде пайдаланылмаған жерлерді қайтару жоспары артығымен орындалды

Түркістан облысында жер ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және жайылым тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының жер қатынастары саласындағы тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде пайдаланылмай жатқан және мақсатына сай игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Жиында өңірдегі жер қорын тиімді басқару, қоғамдық жайылым көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді заң талаптарына сәйкес пайдалану мәселелері қаралды.
Облыс аумағындағы жалпы жер қоры 11 миллион 610,3 мың гектарды құрайды. Биыл мақсатына сай пайдаланылмаған 40 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Алайда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда 47,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар мерзімінен бұрын орындалды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды.
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін пайдаланушыларға берілген хабарламалардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Сонымен қатар жердің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуы жөнінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Мал басы тіркелмеген жайылымдық жерлер мен ұзақ уақыт пайдаланылмай жатқан учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын күшейтіңіздер, – деді өңір басшысы.
Мәжілісте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген қоғамдық жайылымдарды қайтару және агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді зерделеу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Оның айтуынша, министрлік тарапынан 2026 жылға арналған нақты жоспарлар бекітілген. Оның ішінде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланушыларға хабарламалар беру және қайтарылған жайылымдарды қоғамдық жайылым ретінде бекіту міндеттері қамтылған.
Бүгінде облыс бойынша 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаның иелігінде 4 миллион 527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелген. Осы жерлердің мақсатты пайдаланылуын бақылау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жер пайдаланушыларға заң талаптарын сақтау жөнінде тиісті хабарламалар жолданған.
Жер мәселесінің әлеуметтік маңызы әсіресе жайылым тапшылығы жағдайында айқын көрінеді. Жыл басында облыстағы елді мекендерде қоғамдық жайылымдардың тапшылығы 531,1 мың гектарды құраған. Осы мәселені шешу үшін мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді халық игілігіне беру жұмыстары қолға алынды.
Биыл ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 161,9 мың гектарын ауылдық округ әкімдіктерінің балансына қоғамдық жайылым ретінде бекіту жоспарланған болатын. Нәтижесінде есепті кезеңде 165,6 мың гектар жер қоғамдық жайылым ретінде бекітіліп, жоспар артығымен орындалды. Соның арқасында жайылым тапшылығы едәуір қысқарғанымен, қазіргі таңда оның көлемі әлі де 365,5 мың гектарды құрап отыр.
Жайылым мәселесін шешу ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырумен қатар, мал шаруашылығының тұрақты дамуына да оң әсер етеді. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту, мал басын көбейту және ет-сүт өндірісін дамыту үшін жайылымдық жерлердің жеткілікті болуы маңызды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында өңірде арнайы комиссия құрылған. Комиссияның негізгі міндеті – жер пайдаланушылардың міндеттемелерін орындауын бақылау, инвестиция тарту, ауылдық аумақтарды дамыту және жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің құқықтарын қорғау.
Арнайы комиссия тарапынан бүгінге дейін 97 жер пайдаланушыға тиесілі 181 жер учаскесінің құжаттары қаралып, заң талаптарына сәйкестігі зерделенді. Бұл жұмыстар жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге және мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік беруде.
Мәжілісте жерді тиімді пайдалану мен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелілігі де сөз болды. Өткен жылы мемлекет тарапынан 541 жеке және заңды тұлғаның жалпы сомасы 6,8 миллиард теңгеден асатын 1936 субсидия өтінімі тіркелген. Ал субсидия алған кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелерін орындауы да бақылауда ұсталып отыр. Нәтижесінде 213 жеке және заңды тұлға тарапынан бюджетке 23,7 миллион теңге көлемінде салық төлемдері жүргізілген.
Сондай-ақ жиында агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында құрылған жұмысшы топтың қорытындылары қаралып, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстарындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жер – мемлекеттің стратегиялық ресурсы әрі ауыл шаруашылығының негізгі өндірістік құралы. Сондықтан пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, оларды халық игілігіне беру және ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосу бағытындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Түркістан облысында жайылымдық жерлерді қайтару, ауыл тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз ету және жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар облыс әкімінің тұрақты бақылауында қалып, алдағы уақытта да жалғасын табады.


