Түркістан облысы – елдегі ең қауіпсіз өңір

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Аталған мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды.
Жиында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі жоспар бес негізгі бағыт пен 55 іс-шарадан тұратынын атап өтті. Оның ішінде Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдарға тікелей қатысты тоғыз маңызды бағыт белгіленген.
«Заң мен тәртіп» қағидатын негізге ала отырып жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі криминогендік ахуал айтарлықтай жақсарған. Есептік кезеңде құқықбұзушылықтар саны 4,6 пайызға, қылмыс деңгейі 4,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 3,6 пайызға азайса, көшеде тіркелген құқықбұзушылықтар бір пайызға кеміген. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Түркістан облысы криминогендік жағдай бойынша республикадағы ең қауіпсіз өңір ретінде танылды.
Бұл жетістіктер өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» тұжырымдамасының нақты нәтижесін көрсетеді. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру тек қылмыспен күресумен ғана шектелмейді. Ол азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды, жастарды тәрбиелеуді, қоғамдық тәртіпті нығайтуды және зиянды әдеттердің алдын алуды да қамтиды. Сондықтан бүгінде құқық қорғау органдарының жұмысы алдын алу шараларымен ұштасып, халықпен тығыз байланыста жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға облыс бойынша 1236 қоғамдық көмекші тартылған. Олардың қатысуымен 451 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 11 қылмыстың ашылуына ықпал жасалған. Бұл өз кезегінде қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тұрғындардың белсенділігі маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында биыл «Жолда қабылдау» акциясы 23 рет ұйымдастырылды. Акцияға 120 маман қатысып, үш мыңнан астам азаматтың өтініштері қаралды. Тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңестер берілді. Мұндай шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және заң талаптарын құрметтеуге ықпал етеді.
Өңірде жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да күшейтілген. Әсіресе есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес, жастарды нашақорлықтан қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта білім, қоғамдық даму, денсаулық сақтау басқармалары және «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп 883 профилактикалық іс-шара өткізілген.
Сонымен қатар жастар арасында кең таралған зиянды әдеттердің бірі – темекі мен электронды темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу бағытында да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, темекі шегу адамның тыныс алу жүйесіне, жүрек пен қан тамырларына, жалпы денсаулығына орасан зиян келтіреді. Әсіресе жасөспірімдердің ағзасына кері әсері жоғары. Сондықтан қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі – жастардың салауатты өмір салтын ұстануы. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қауіпсіз ел» жобасының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.
Балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында облыста 21 «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, онда 458 оқушы білім алуда. Мұндай бастама жас буынның заңға деген құрметін қалыптастырып, отансүйгіштік қасиеттерін нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ облыс прокуратурасымен бірлескен «Қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында мектептерде тұрақты түрде профилактикалық сабақтар ұйымдастырылып келеді. Сабақтар барысында оқушыларға құқықтық жауапкершілік, интернет қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, зиянды әдеттердің зардаптары жөнінде кеңінен түсіндіріледі.
Мәжілісте Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл де баяндама жасап, тұжырымдаманы іске асыру аясындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде жастар арасында 329 іс-шара өткізіліп, 30 мыңға жуық жас қамтылған.
Сонымен қатар құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, лудоманияның, ерте жүктіліктің, буллингтің, сталкингтің және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында 956 психо-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 70 мыңнан астам жас қатысқан. Бұл жұмыстар жастар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауды, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді, нашақорлықпен, лудоманиямен, темекі мен вейп өнімдерін тұтынудың алдын алуды, интернет-алаяқтыққа қарсы күресті жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ барлық жауапты мемлекеттік органдар мен мүдделі мекемелердің өзара іс-қимылын күшейтіп, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында белгіленген міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды жүктеді.
Қоғамдық қауіпсіздік, құқықтық тәртіп және салауатты өмір салтын қалыптастыру – «Қауіпсіз елдің» басты кепілі. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне негіз болмақ.


