Қайталама құқықбұзушылықтың алдын алу – басты назарда

Oinet.kz 02-05-2026

image.png

Жетісай ауданында құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жетісай ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен, аудандық полиция бөлімі мен аудандық пробация қызметі бөлімінің қатысуымен кешенді профилактикалық іс-шара өткізілді. Шара барысында пробация есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына тексеріс жұмыстары жүргізілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебіндегі тұлғалар арасында қайталанатын қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың мінез-құлқын бақылау және түзету, сондай-ақ прокурорлық қадағалауды күшейту арқылы қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады. Мұндай тексерістер сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделу процесін бақылауға және олардың заң талаптарын сақтауына ықпал етеді.

Айта кету қажет, пробация – бұл бас бостандығынан айырумен байланысты емес, бірақ тұлғаның қайта қылмысқа бармауы үшін оның мінез-құлқын түзетуге бағытталған әлеуметтік-құқықтық шаралар жүйесі. Бұл жүйе сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне, еңбекке араласуына және заңға бағынатын азамат ретінде қалыптасуына жағдай жасайды.

Тексеріс барысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың нақты тұрғылықты мекенжайлары анықталып, олардың тұрмыс жағдайлары зерделенді. Сонымен қатар оларға прокурор мен сот жүктеген міндеттерді қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Құқық қорғау органдары өкілдері пробация талаптарын орындаудың маңыздылығын атап өтіп, заң талаптарын бұзудың салдары ауыр болатынын ескертті.

Сондай-ақ сот жүктеген міндеттерді жүйелі түрде бұзу, пробация қызметіне дәлелсіз себептермен келмеу, немесе әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтарға қайта бару жағдайларында тағайындалған жазаның қатаң жазаға ауыстырылатыны жөнінде нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар пробация есебіндегі азаматтардың жауапкершілігін арттыруға, қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамда қауіпсіз ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Жалпы, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының негізгі бағыттарымен толық үндеседі. Аталған жоба аясында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру басты басымдықтардың бірі болып табылады.

Тұрғындарға интернет алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
Зиянды әдеттердің алдын алу – денсаулық кепілі!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу