Жас және заң: Құқықтық мәдениетке қадам

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Әділет департаменті бірлесе ұйымдастырған «Жас және заң» тақырыбындағы дөңгелек үстел Халықаралық туризм және меймандостық университетінде өтті. Аталған іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын кеңінен түсіндіруге және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Кездесуге жоғары оқу орнының студенттері, оқытушылар құрамы, сондай-ақ құқық саласының мамандары қатысты. Еркін пікір алмасу алаңына айналған жиында жастар мен сала өкілдері арасында ашық диалог орнап, өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауатын көтеру, олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру және қоғамдағы тәртіп пен құқықтық мәдениетті нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі таңда жастар арасында құқықтық білімді арттыру – құқықбұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.
Жиын барысында Әділет департаментінің мамандары азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берді. Олар қолданыстағы заңнамалардың негізгі бағыттарына тоқталып, күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірді. Сонымен қатар, құқықбұзушылықтың салдары, заң алдындағы жауапкершілік және әр азаматтың құқықтық міндеттері туралы нақты мысалдар келтірілді.
Еркін форматта өткен сұрақ-жауап бөлімінде студенттер өздерін толғандырған құқықтық сауалдарын қойып, мамандардан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Бұл бөлім жастардың құқықтық тақырыптарға деген қызығушылығы жоғары екенін және өз құқықтарын білуге деген ұмтылысының артқанын көрсетті.
Жиын соңында қатысушыларға құқықтық ақпараттық материалдар таратылып, заңға құрметпен қарау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – қоғам дамуының маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді. Сондай-ақ, әрбір азаматтың заң талаптарын сақтау арқылы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоса алатыны айтылды.
Аталған іс-шара «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының негізгі басымдықтарымен тығыз байланысты. Себебі бұл жоба аясында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамда заң үстемдігін қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Жастар арасында құқықтық мәдениетті дамыту – елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі.
Жалпы, мұндай дөңгелек үстелдер жастардың құқықтық танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың заңға негізделген жауапкершілігін қалыптастыруға, қоғамда белсенді әрі саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.


