Әлеуметтік даму басымдықта: Түркістанда еңбек қатынастары жүйеленіп жатыр

Түркістан облысында еңбек қатынастарын заңдастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және кедейлік деңгейін төмендету бағытындағы жүйелі жұмыстар күшейтіліп, бұл бағыттағы шаралар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі тетігі ретінде қарастырылуда. Аталған мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында өңірдегі әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті түйткілдер көтеріліп, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты сын-ескертпелер айтылып, жұмысты жандандыру тапсырылды.
Облыс әкімі өз сөзінде еңбек нарығын көлеңкелі экономикадан арылту – тек әкімшілік міндет емес, халықтың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, еңбек шарттарының рәсімделмеуі, зейнетақы жарналарының аударылмауы және сақтандыру жүйесінің толық іске қосылмауы азаматтардың құқықтарын тікелей бұзатын фактор болып табылады. Сондықтан бұл бағыттағы бақылауды күшейту – «әлеуметтік мемлекет» қағидатының нақты көрінісі.
– Еңбек шарттарын тіркемеген, міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған, жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша тиісті шарттар жасалмаған мекемелердің тізімін жасақтап, кемшіліктерді толық ретке келтіру қажет. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын заңға сай азайту үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпорындармен байланысты күшейту керек. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Сонда ғана экономика өсіп, халықтың табысы артады, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі еңбек нарығы мен әлеуметтік жағдайға қатысты кең көлемді баяндама жасап, нақты статистикалық деректерді ұсынды. Оның айтуынша, Түркістан облысында еңбек қатынастарының рәсімделуі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, 3329 мекемеде 10 449 қызметкермен еңбек шарттары тіркелмеген. Сонымен қатар 2601 мекемеде 7677 адаммен еңбек шарты жасалмаған, ал 15 234 мекемеде 55 790 қызметкерге міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған. Бірқатар ұйымдарда қызметкерлердің жазатайым оқиғалардан сақтандырылмауы да анықталған.
Бұл деректер еңбек заңнамасының сақталуын күшейту қажеттігін және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды талап етеді. Осыған байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріліп, заңбұзушылықтарды жою және жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы бақылауды күшейту міндеттелді.
Әлеуметтік қолдау және кедейлікті азайту бағытында да өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2026 жылы 59 062 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 6,5 млрд теңге қарастырылып, кедейлік деңгейін 2,7 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Жылдың алғашқы тоқсанында 36 890 адамға әлеуметтік көмек тағайындалып, 1,6 млрд теңге көлемінде төлем жүргізілген. Нәтижесінде өңірде кедейлік деңгейі 1,7 пайызға дейін төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 40,7 пайызға қысқарған. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш тұрақты төмендеп, 2022 жылмен салыстырғанда 68,6 пайызға азайғаны байқалады. Бұл – әлеуметтік саясаттың тиімділігін көрсететін маңызды нәтиже.
Сонымен қатар Сауран, Отырар және Ордабасы аудандарында жүргізілген мониторинг барысында 675 отбасының әлеуметтік жағдайы зерделеніп, 115 кемшілік анықталған. Талдау нәтижесінде 5,3 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмектің негізсіз тағайындалғаны белгілі болып, бұл қаражатты бюджетке қайтару қажеттігі белгіленді. Бұл жағдай әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін цифрландыру және қатаң бақылау тетіктерін енгізу қажеттігін көрсетеді.
Кедейлікті төмендетудің тиімді құралдарының бірі ретінде өңірде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып келеді. Сауран ауданы пилоттық аймақ ретінде таңдалып, отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы азаматтарды «C» деңгейіне көтеру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында тұрғындарға кооперативтерге бірігу, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алу және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері түсіндірілуде. Нәтижесінде 32 азамат шағын несие алып, өз кәсібін бастауға ниет білдірсе, 46 азамат банктік шоттарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар «LIHUA GROUP» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» сияқты инвесторлардың тартылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашып отыр.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік қолдауды тиімді жүргізу және кедейлік деңгейін төмендету бағытындағы кешенді шаралар өңірдің әлеуметтік дамуына тікелей әсер етуде. Жаңа өндіріс орындарын ашу, заңды еңбек қатынастарын қалыптастыру және әлеуметтік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттердің негізгі бөлігі болып қала бермек.


