Қоғамдық қауіпсіздік бақылауда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылы 10 ұлттық жобаны бекіткені белгілі. Осы тізбеге «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы да кірді. Аталған жоба бағытының бірі – қылмысты азайту. Яғни азаматтар үшін қауіпсіз жағдай жасау, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру және қылмыс санын азайту.
Осы орайда Түркістан облысы полиция департаменті аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Жетісай ауданы полиция бөлімі қызметкерлері арнайы профилактикалық іс-шаралар өткізіп, рейдтік жұмыстар ұйымдастырды. Жүргізілген тексерулер барысында құқық бұзушылықтардың түрлі санаттары анықталды.
Жалпы саны 90-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, тиісті шаралар қолданылды. Оның ішінде жол қауіпсіздігіне қатысты ережелерді бұзу деректері де бар. Мәселен, мас күйде көлік басқарудың 1 фактісі, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың 2 жағдайы және бағдаршамның қызыл түсіне өтудің 1 дерегі анықталды.
Сонымен қатар қоғамдық тәртіпке қатысты құқықбұзушылықтар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің 3 және белгіленбеген орындарда темекі шегудің 3 жағдайы тіркелді. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне ғана емес, қоғамдық мәдениетке де кері әсер ететіні ескертілді.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған құқықбұзушылықтарға ерекше көңіл бөлінді. Түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру және ойын-сауық орындарында болу фактілері бойынша бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бағыттағы бақылау ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізіліп отыр.
Бұдан бөлек, рейд барысында қоғамдық орындарды ластау, рұқсатсыз сауда жасау және жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері де анықталып, заң аясында шаралар қабылданды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау әр азаматтың міндеті екенін тағы бір мәрте еске салды.
Профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде жол ережесін өрескел бұзған және тиісті құжаттары жоқ 8 автокөлік айып тұрағына қойылды. Бұл шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай алдын алу және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Себебі профилактика – құқықбұзушылықтардың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Осындай кешенді шаралар арқылы тұрғындардың құқықтық сауаттылығы артып, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі нығая түседі.


