Аудан әкімдері инвесторлармен іскерлік байланыс ортантты

Oinet.kz 28-11-2025 14

FB_IMG_1764050945074.jpg

Түркістан қаласында өткен «Turkistan investment and tourism forum  – 2025» халықаралық инвестициялық форумында Келес пен Шардара аудандарының әкімдері мен Кентау қаласының әкімі шетелдік және отандық инвесторлармен бірқатар ресми кездесулер өткізді. Жалпы бұл форум инвестициялық жобаларды талқылауға арналған маңызды алаңға айналып, аудандар үшін жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді.

Мәселен, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев инвесторлармен болған кездесуде Келестің бизнес жүргізуге қолайлы өңір екенін, жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымдық және әкімшілік қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев осы іс-шара барысында «АСВС ОЙЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «IAJ FAMILY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшыларымен арнайы келіссөздер жүргізді. Кездесуде Келес ауданында аяқ киім шығару өндірісін орналастыру жөніндегі жоба егжей-тегжейлі талқыланды. Инвесторлар тарапынан ауданның өндірістік әлеуеті, логистикалық мүмкіндіктері, еңбек ресурстары және әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері ерекше қызығушылық тудырды. Келіссөздер нәтижесінде тараптар 200 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға, жылдық қуаттылығы 1500 бірлік өнім шығаратын цех ашуға және 20 жаңа жұмыс орнын құруға өзара ниет білдірді.

Сондай-ақ Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевта форумда шетелдік инвесторларға ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. «Шардара ауданы – ауыл шаруашылығы мен туризмді жан-жақты өркендетуге мол мүмкіндігі бар ерекше өңір. Әсіресе біздің аудан ауыл шаруашылығын дамытуға, мал бордақылау мен мал басын көбейтуге, сондай-ақ мақта, жүгері және түрлі дәнді дақылдар өсіруге аса қолайлы. Осындай әлеуетті тиімді пайдаланып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету, жаңа өндіріс орындарын ашу және ортақ жобаларды жүзеге асыру – біздің ең басты міндеттеріміздің бірі» – деді Арман Романұлы.

Сонымен қатар ауданнан қатысқан 50-ге жуық кәсіпкер жаңа экономикалық бағыттар, өндіріс көлемін арттыру, нарыққа шығу жолдары бойынша сауалдарын қойып, тәжірибе алмасты. Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Шардара ауданы әкімдігі мен көшбасшы компаниялар арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда,  Қытайлық коммерциялық кәсіпорындар ассоциациясы және «Ши Цзя Лю» компаниясымен, «ААН Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен меморандум түзілді.

Сондай-ақ Қытайлық коммерциялық кәсіпорындар ассоциациясы және «Ши Цзя Лю» компаниясы автономды GPS-навигациясы бар ауыл шаруашылық техникасын импорттау және жинау, теріні өңдеу фабрикасын салу, тамшылатып және спринклерлі суару жабдықтарын жеткізу және орнату, жылыжайлар мен парниктер салу, туризмді дамыту жобаларына қызығушылық білдірді.  Ал «ААН Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан аумағында мақта егуді және оны тиімді өңдеуді қамтамасыз ете отырып, тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы өнімділікті арттыруды көздейді.

Мұнда Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов та бірнеше ірі инвесторлармен кездесіп, қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Әсіресе, Қытай Халық Республикасының Хайнань аймағында тіркелген Hainan Eight Star International Investment Co., Ltd. компаниясы Кентау қаласына инвестиция салуға қызығушылық білдірді. Аталған компания Қытайдан АСЕАН, ТМД, ШЫҰ және Ғаламдық Оңтүстік елдеріне жоғары технологиялық өнім экспорттау, сондай-ақ осы елдерден Қытайға импорттық тауар жеткізу бағытымен айналысады. Бұған қоса, трансшекаралық сауда операцияларын қаржыландыру және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарады.

Жалпы Кентау қаласындағы индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақта инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған, инфрақұрылым толық дайындалған және бизнес жүргізуге кең мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, соңғы жылдары Кентау қаласында өндіріс ошақтары жылсанап дамып келеді. Бүгінгі күні қалада арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақтар жұмыс істеуде. Сондай-ақ қалада өнеркәсіп парктері де жасақталуда. Ол үшін Кентау қаласында «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін ашуға 9,3 гектар жер телімі бөлінген.

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, мұндағы арнайы экономикалық аймағының жер көлемі – 35 гектар. Инфрақұрылыммен қамтылған. Бұл аймақта 2 жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «KentauRedStar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кірпіш шығару зауыты және «Темір бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі темір бетон бұйымдарын жасау кәсіпорыны толық іске қосылған. Биыл 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Ал Индустриалды аймақтың жалпы ауданы – 43 гектар. Онда 10 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, 309 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл аймақтарға инвесторлар тарту, өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасуда.

Жақында Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны іске қосылған болатын. Бұл жобаны іске асыруға «TURAN Shenhua» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2,4 миллиард теңге инвестиция салды. Кәсіпорынның жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайды. Өндіріс орнында жылына 30 мың дана газ қазандықтары шығарылады. Бұл өнімдер нарықта үлкен сұранысқа ие. Жаңа зауыт қаланың 40 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканы дамытуға үлес қосары сөзсіз.

Осы зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысып, жобаның жұмысына сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Түркістан облысы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін аса маңызы зор жобаның басталуына куә болып отырғанын жеткізе келіп, бұл жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлік саласына инвесторлар тартып, дамытуды тапсырды. Осы бағытта Түркістан облысында нақты жұмыстар қолға алынып, инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Соның нәтижесінде, Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыт ашылып отыр. Осы орайда, жобаны жүзеге асырған инвесторларға алғысымды білдіремін. Жаңа бастамаға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған аудандар келіссөздер аясында шетелдік конпаниялардың қызығушылығын арттырып, іскерлік байланыс ортантты.

Сауран: Сауандықтар Саурандықтармен тәжірибе алмасты
Кеден бекеттерінің жұмысы зерделенді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу