Түркістанда туризмінді дамытуға басымдық берілуде

Oinet.kz 23-11-2025 7

Screenshot_1.jpg

Биыл Түркістан облысында туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 миллиард теңгені құрады. Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында 47 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл Түркістан облысындағы тарихи орындарға 911,2 мың адам саяхаттап келген. Ал арнайы орналастыру орындарында демалғандар саны 151 мың адамға жетіп отыр. Облыста 251 орналастыру орындары мен 117 санаториялық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді. Аймақта халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар ұйымдастырып, туристерді тарту мақсатында заманауи нысандар ел игілігіне берілуде. Соның бірі 500 спортшыға арналған Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» каналы ашылды.

 Атап өтерлігі, облыс әкімдігі тарапынан өңір туризмін дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында түрлі қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Одан бөлек өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Түркістанда әлемдік стандарттарға сай халықаралық әуежай халыққа қызмет көрсетуде. Одан бөлек облыс аумағында ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіміне кіретін 4 ерекше қорғалатын табиғи парктер орналасқан. Олардың қатарында «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі бар.

 Шетелдік туристерді Түркістан облысының осы табиғи қорықтары мен оның тереңде жатқан тарихи мұралары қызықтырып отыр. Жалпы Түркістан өңірінің терең тарихы кешегі Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында да қаралып, «Мультитуризм – өңірдің тұрақты өсуінің драйвері» тақырыбында ұйымдастырылған панельдік отырыста жан-жақты талқыланды. Оған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысып, облыстың туризм саласын әртараптандыру бағытында пікір алмасты.

– Сіздермен киелі Түркістан төрінде кездескеніме қуаныштымын! Жалпы Түркістан облысы туристік әлеуеті жақсы дамыған аймақтардың бірегейі. Өңір құрылғаннан бастап, Түркістан қаласын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар бұл – Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі халық ең көп шоғырланған өңір. Бүгінде мұндағы тұрғын саны – 2,1 миллион адамнан асқан. Яғни 2018 жылдан бері Түркістан халқы 1,5 есеге өсті. Облыс әкімдігі туризм саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде облыс аумағында туристерге арналған 251 орналастыру орны жұмыс істейді. Облыста тарихи-танымдық туризм, экологиялық туризм, сауықтыру туризмі  сәтті дамыған. Өңір туризмін дамыту жолында бірқатар инвестициялық жобалар қабылданып, іске асыру жұмыстары қарқын алған. Туризм саласын жан-жақты дамыту бағытында инвесторларды қолдауға ашықпыз. Аймақтың экономикалық жағдайын әртараптандыру жолында инвесторлармен тығыз ынтымақтастық орнатып, нәтижелі жұмыс көрсетеміз деп сенемін, – деді жиында Зұлпыхар Жолдасов.

Форумның пленарлық сессиясында өңірдің экологиялық, этнографиялық, MICE және спорттық-мәдени бағыттарға негізделген бірегей туристік брендін қалыптастыру мен нығайту, инфрақұрылым мен адами капиталды кешенді дамыту, халықаралық инвестицияларды тарту және туристік кластерлерді жаһандық деңгейде ілгерілету мәселелері сөз болды.

 Сессияда «SkyWay LTD» ЖШС директоры – Әсем Қозбағарова, «All Seasons Travel» компаниясының Қазақстандағы филиалының директоры – Жанар Раздан, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері – Ақәділ Тұрсынов, «Fly Arystan» компаниясының сату жөніндегі маманы – Мағжан Мұратбеков, «SCAT Airlines» әуекомпаниясының маршруттық басқару бөлімінің басшысы – Андрей Бибер, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсия жүргізушісі, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің магистранты – Ахатбек Баубеков баяндама жасап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайтумен халықаралық көлік логистикасын дамыту бағытында пікір алмасып, іске асыру жолдарын қарастырды.

Тағы бір атап өтерлігі форум аясында облысқа қарасты бірқатар өңір басшылары туризм бағыты бойынша шетелдік инвесторларға өз мүмкіндіктерін таныстырды. Соның бірі – Төлеби ауданы. Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бірқатар инвесторлармен жеке кездесулер өткізіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған арнайы жобаларды таныстырды. Кездесулер барысында туризм инфрақұрылымын дамыту, жаңа туристік нысандар ашу, сервис сапасын жақсарту және экотуризм бағыттарын кеңейту бойынша ұсыныстар қарастырылды. Инвесторлар Төлеби өңірінің табиғи байлығы, қолайлы климаты мен географиялық артықшылықтарын атап өтіп, бірлескен жобаларға қызығушылық білдірді. Аудан әкімі  Еркеғали Амантайұлы туризм саласын дамытудың аудан экономикасы үшін маңызын ерекше атап өтіп, жаңа жобалар жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық ахуалды нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Форум аясындағы келіссөздер тараптар арасындағы серіктестікті нығайтып, Төлеби ауданында туристік саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты бастамаларды іске асыруға жол ашты.

Агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту көзделуде
Инвесторлар Сайрам мен Түлкібас аудандарына инвестиция салуға ниет танытты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу