Агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту көзделуде

Oinet.kz 10-11-2025 6

4a3350f488a050c2919e6594a64053cc.jpg

Биыл Түркістан облысының ауыл шаруашылығы капиталына 155,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жалпы өнім көлемі 1 триллион 207 миллиард теңгеге жетіп, облыс республика көлемінде бірінші орынға шықты. Экспорт көлемі 355,5 миллион АҚШ долларын құрады. Өңірде ет кластерін дамыту бағытында 7 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен бірге республика көлемінде алғаш рет Түркістан облысында су үнемдеу технологиясымен күріш өсіру жобасы іске асты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Turkistan investment and tourism forum  – 2025» халықаралық инвестициялық форумында облыста 2025-2027 жылдар аралығында 78 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспорттайтын көпсалалы нысанның құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жалпы облыстың агроөнеркәсіп саласына инвестициялар тарту бағытында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Аймақ басшысының сөзінше, Түркістан облысы бүгінде еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірегейі және инвестициялық әлеуеті жоғары аймақ. Сонымен қатар облыс аумағы табиғи жер қойнауы мен пайдалы қазба кен орындарына да бай. Қазіргі уақытта облыста 210 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкер жұмыс істеуде. Соңғы 6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 10,5 миллиард АҚШ долларын құрап отыр.

Сондай-ақ ол форум аясында панельдік отырыстар ұйымдастырылып, онда «Түркістан облысының тұрақты дамуына инвестициялар: Өнеркәсіптен Агроөнеркәсіп кешеніне дейін» тақырыбында сессия отырысы өткен еді. «Үкіметтің қолдауымен біз инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ел көлемінде көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Жыл сайын облыста 1 триллион теңгеден астам өнім өндіріледі. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынып жатыр. Бүгінде инвестиция алаңында автомобиль, электроника, тұрмыстық техника, құрылыс материалдар, тері және былғары өндірісі, фармацевтика, жеміс, көкөніс және бақша дақылдарын терең өңдеу салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырылуда», – дейді Нұрбол Тұрашбеков.

Панельдік отырыс барысында облыстың транзиттік әлеуеті, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, мәселелері талқыланды. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім өндіру бағытындағы жоспарлар да қарастырылды.

Сессияда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бизнестің кеңесі өнеркәсіпшілер комитетінің Пекин жұмыс тобының өкілі - Го Байсян, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрағасының орынбасары – Мұрат Бапаев, Hanya International Holdings (Hubei) Co., Ltd. компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы – Хуан Чжоурэн, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры – Айтмұхамед Алдажаров, «Цяньфэн» органикалық жүзім өндіретін ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы – Ши Сяодун, «Qazindustry» Қазақстан өнеркәсібі мен экспорт орталығының басқарма төрағасы – Берік Бекенов, «Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының» стратегиялық даму жөніндегі атқарушы директоры – Андрей Антонов, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – Айдын Досқараев, Eurasia Group Kazakhstan компаниясының FarmSight бағыты бойынша өнім маманы – Арман Ехсанов, WPK Group бизнесін дамыту менеджері – Қайсар Махсұтұлы түрлі тақырыпта баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді. 

Спикерлер өңірлік экспортты дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, майлы дақылдар нарығын дамыту перспективалары мен арнайы экономикалық аймақтардағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы пікір алмасып, аталған бағыттарда бірлесе жұмыс істеу шараларын қарастырды.

Инвесторлармен кездесті
Түркістанда туризмінді дамытуға басымдық берілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу