Шардара: Ауданда инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда

Oinet.kz 29-11-2025 13

_gluster_2025_11_13_4dd4e59e5af9e4a650102579d619822e_1280x720.jpg

Жергілікті жердегі аудан әкімдерінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында кездесулері жалғасын табуда. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығын жүзеге асыру аясында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар туралы халыққа есеп беру кездесулерін бастап кетті.

Аудан әкімінің есебі Достық ауылдық округінен басталып, одан әрі Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм, Алатау батыр, Ұзыната, Көксу, Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков және Жаушықұм ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесулер барысында ауыл әкімдері де тоғыз айдағы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, әр округте тұрғындармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. «Кездесудің басты мақсаты – тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдау. Себебі ауыл мәселелерін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Біздің аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – диқаншылық. Сондықтан жер жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарамыз. Алдағы уақытта ауылдарды абаттандыру, жарықтандыру, жол салу және жаңа инфрақұрылым тарту жұмыстары жалғасатын болады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды», – деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.

Кездесулер кезінде ауылдық округтердің өзекті мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, Достық ауылдық округіндегі балалар ойын алаңшасына жарық шамдар орнату, Ақшеңгелді ауылдық округіндегі Егізқұм ауылына спорт алаңшасын салу, Сүткент ауылының жастарын мемлекеттік қолдау шаралары арқылы кәсіп ашуына жәрдем беру, Алатау батыр ауылдық округінде егістік алқаптардағы каналдар мен қашыртқыларды тазалау, Қоссейіт ауылдық округінде жаңадан берілген жер телімдеріне жол салып беру және басқа да әлеуметтік мәселелер айтылды.

Сонымен қатар Шардара қаласының тұрғындарын таза әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету жай да көтерілді. Таза ауыз сумен қамту – өңір үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Осы маңызды бағытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында Тама–Тастанбек жер асты су қорынан қалаға дейін құбыр тарту бойынша ауқымды жоба жүзеге асуда. Бұл жоба аймақ халқының өмір сапасын арттырып қана қоймай, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына да жаңа серпін берері анық. Жалпы ауданда жерасты су қоры – жеткілікті. Тама –Тастанбек кен орнында тәулігіне 49,2 мың текше метр көлемінде таза ауыз су өндіруге мүмкіндік бар. Бұл Шардара халқының қазіргі және болашақтағы қажеттілігін толық өтеуге жетеді.

Аталған жоба 2 кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, диаметрі 560 мм болатын екі тізбекті магистралды су құбыры тартылмақ. Құбырдың ұзындығы – 39 шақырым. Бұл кезең аяқталғаннан кейін суды жеткізу жүйесінің негізгі бөлігі іске қосылады. Екінші кезекте жобаның толыққанды жұмыс істеуі үшін 38 шақырым электр желісін тарту жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 20,8 миллиард теңге. 2025 жылға осы қаражаттың 8,9 миллиард теңгесі бөлінген. Қалған қаржы кезең-кезеңімен бөлініп, жұмыстарды толық аяқтау арқылы нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобаның маңызы – Шардара қаласын таза ауыз сумен ұзақ мерзімге толық қамтамасыз етеді. Инфрақұрылым сапасын арттырып, қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Болашақта жаңа тұрғын аудандар мен өндіріс орындарының дамуына мүмкіндік береді. Шардара қаласы мен ауылдық округтерді таза ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған бұл және басқа да жобала – өңір үшін тарихи қадам.

Сонымен қатар аудан басшысы кездесулердің аясында ауылдық округтердің дамуына үлес қосқан бірқатар еңбек сіңірген азаматтарға «Шардара ауданына 60 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Сондай-ақ, әр елді мекендегі проблемалық жағдайлардан хабардар екенін айтып, көтерілген мәселелерді жіті назарда ұстайтынын және олардың шешу жолдары мен орындалу мерзімдері туралы түсіндіріп өтті.

Бәйдібек: Ауданда 50 мегаватты күн электр станциясы жобасы жүзеге асырылады
Кентау қаласында мемлекеттік грантпен жұмыс бастағандар көбейе түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу