Бәйдібек: Ауданда 50 мегаватты күн электр станциясы жобасы жүзеге асырылады

Oinet.kz 21-11-2025 7

Screenshot_6.jpg

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «Жасыл» экономикаға бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловатт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар. Жасыл экономиканың дамуына Түркістан өңірінің де қосып отырған үлесі зор. Енді, міне, Бәйдібек ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын күн электр станциясын салу жобасы қарастырылуда.

Бәйдібек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев «ASIA ENERGY CO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директоры Бауыржан Керімқазымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар қуаттылығы 50 МВт болатын Күн электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.

– Орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суы да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Бүгінгі таңда облысымызда күн, су және жел электр стансаларының көптеп салына бастауы соның дәлелі. «Жасыл экономика» – бұл экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін біріктіретін тұрақты даму тұжырымдамасы. Бұл қоршаған ортаға қысымды азайтуға, табиғи қорларды тиімді пайдалануға, табиғи экожүйелерді сақтауға, табиғи капиталды арттыруға, экологиялық жағынан таза өнімдер шығаруға, халықтың  әл-ауқатын арттыруға, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтынуға бағытталған. Осы ретте, бұл жобаның іске асырылуы Бәйдібек ауданы үшін маңызды. Осының нәтижесінде өңірдің энергетикалық инфрақұрылымы нығайып, экономикасына оң серпін әкеледі деген сенімдеміз, – дейді аудан басшысы.

Сонымен аудан әкімдігі аталған жобаны жүзеге асыру үшін Боралдай ауылдық округінен 50 гектар жер телімін жалға беру мүмкіндігін қарастырып, кәсіпорынға қажетті барлық қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, жобаны іске асыруға байланысты тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу кезеңінде аудан әкімдігі тарапынан сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетіні атап өтілді. Кездесу қорытындысымен Бәйдібек ауданы әкімдігі мен «ASIA ENERGY CO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат екі тараптың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға, жаңа технологияларды енгізуге, жеке инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бірлескен іс-қимылын айқындайды.

Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру жалғасатындығын айтты. «Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек», – деді  Президент. Мемлекет басшысы тапсырғандай Бәйдібек ауданындағы жаңа жоба да экологияны жақсартуға, көміртегі шығарылымын азайтуға үлес қосатыны анық.

Қорыта айтқанда аудан әкімдігі бұл жобаның іске асырылуы Бәйдібек ауданы үшін маңызды инвестициялық қадам екенін, соның нәтижесінде өңірдің энергетикалық инфрақұрылымы нығайып, экономикасына оң серпін берілетінін атап өтті.

Сайрам: Ауданның инфрақұрылымы жақсарып, Көлкенті көгілдір отынға қосылды
Шардара: Ауданда инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу