Жетісай: Өндірістік паркте бес жоба жүзеге асырылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда айтылған міндеттер бизнестің дамуына серпін беріп, инвесторлардың сенімін арттырады. Құрылыс саласын дамыту, инженерлік-инфрақұрылымды жаңғырту бағыты да Жетісай ауданында кәсіпкерлер тарапынан қолдау табуда.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, соңғы 5 жылда 90,2 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік беруде. Осылайша ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан, қалаларда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істер жүзеге асырылуда. Сондай жобалардың бірі Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің аумағында жүзеге асырылуда. Жалпы ауданы 1 гектарды құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 210 миллион теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруды тапсырып отыр. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», дейді Президент. Осы ретте қолға алынған жобалар ауданда облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Белгіленген жоспарға сай өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндірістік орындарды ашу экономикалық дамуымызды еселеуде өте маңызды. Ауданда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарын ашуға ниет білдірген инвесторларға өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға заң аясында барлық қолдауларды көрсетеміз. Бұл ретте аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті өте жоғары, – дейді аудан әкімі Серік Мамытов.


