Түркістан қаласында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды

Oinet.kz 25-11-2025 11

462508624_886984456732740_1510591056705376769_n.jpg

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһарда жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын құрылыс, абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Жалпы бүгінгі күні қала әкімінің айтуынша, бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтсақ, Түркістан қаласы аумағында биылғы жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Яғни, қалада ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Қала аумағында жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында биыл қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл жұмыстар толық орындалған жағдайда, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін жетеді.

Қазіргі таңда Б.Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайтын көше бойында құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен атқарылмақ. Бүгінгі күнге дейін 850 метр жол негізі әзірленіп, 700 метр аумақта ескі асфальт жабындысы фрезерленді. Қазіргі уақытта 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланған.

Осы және және басқа нысандарды аралау барысында қала басшысы жобалардың бастапқы ұсыныстарын қарап, тұрғындардың пікірін тыңдады.

Әзімбек Пазылбекұлы М.Пошанов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға арналған жоба ұсынысымен де танысты. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аула аумағын әрлеу, құрылыс жұмыстарын қажет ететін бөліктері мен жарықтандыру, балалар ойын алаңын жаңарту және көгалдандыруды күшейту мәселелерін қарады. Әзімбек Пазылбекұлы жауапты мамандарға тұрғындар көтерген мәселелерді ескерген толыққанды жоба әзірлеуді, сондай-ақ аула қауіпсіздігі мен функционалдығын басты назарға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, қала басшысы Усманов көшесіне аллея аумағын қарап, демалыс аймағы тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз және қала сәулетіне сай болуы керектігін атап өтті. Жауапты мамандарға біртұтас концепциясын әзірлеуді және қажетті техникалық құжаттамаларды дайындауды жүктеді. Аралау барысында сонымен қатар қала басшысы Кентау тас жолы бойына веложол салу бойынша ұсыныспен танысты. Веложол салу – қаладағы экологиялық мәдениетті арттырып, тұрғындар үшін жаңа қауіпсіз бағыт қалыптастыруға бағытталған бастама екенін атап өткен қала басшысы жауапты мамандарға қажетті инфрақұрылым мүмкіндіктерін және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, жоба әзірлеуді тапсырды.

Бүгінде қала аумағын көгалдандыруды қамтамасыз ететін арнайы тұқымбақ жұмыс жасауда. Мәселен, Түркістан қаласының аумағында жаңа тұқымбақтың жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жобаны жандандыру және жасыл желек көлемін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған. «SK GeoKart» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында облыс орталығындағы 10 гектар аумақта арнайы тұқымбақ іске қосылды. Ол тұқымбақта көшет отырғызу жұмыстарының іске асуын бақылау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өндірістік және агротехникалық процестермен танысты. Қала аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тиімді іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Тұқымбақ аумағында ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға арналған жылыжайлар орнатылған. Мұнда өсімдіктердің дұрыс дамуына қажетті агротехникалық талаптар қатаң сақталып, жыл бойы үздіксіз өсіру жұмыстары жүргізіледі.

Жоспар бойынша тұқымбақта 700 мың біржылдық гүлдер, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 500 мың түп қылқанжапырақты ағаш көшеті өсіріледі. Сонымен қатар раушан гүлдері мен әртүрлі бұталар өсіріліп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған тұрақты жасыл қор қалыптастырылмақ. Бұл жылыжайларда көшеттердің өсуіне қажетті агротехникалық талаптар сақталып, жыл он екі ай бойы үздіксіз өсіру үрдісі жүргізіледі. Өскіндер белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін қала көшелеріне, саябақтар мен аллеяларға отырғызылып, абаттандыру жұмыстарына пайдаланылады. Нысандарды аралаған қала басшысы барлық ұсынылған жобалардың сапалы жоспарланып, талапқа сай, тұрғындар үшін қолайлы орындалуы қажет екенін, сондай-ақ, әзірленген жобаларды қоғаммен талқылау мүмкіндігін қарастыруды атап өтті.

Сауран: Ауданның дамуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартумен тікелей байланысты
Жетісай: Өндірістік паркте бес жоба жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу