Түлкібас: Инфрақұрылым саласында біраз жұмыс атқарылған

Oinet.kz 18-11-2025 3

20240221103428142_big.jpg

Түлкібас ауданында биыл инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің жаңғыртылуына баса көңіл бөлініп отыр. Аудан әкімі Асқар Естібаев ең алдымен елді мекендерді таза ауыз сумен қамтылуына назар аударған болатын. Бүгінгі күні аудан басшысының тапсырмасына сәйкес таза ауыз су жүйесінде кемшіліктер бар елді мекендерге толық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оны жою бойынша жүйелі жұмыстар бастау алып отыр.

Бүгінде аудан әкімінің тапсырмасына орай жаз мезгілдерінде су тапшылығы тұрғындарды мазалап келген Кемербастау ауылдық округінің М.Жәрімбетов, Күмісбастау және Кемербастау елді мекендерінің су жүесіндегі кемшіліктерді ретке келтіру бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ол жұмыстың барысы туралы аудан әкімі Асқар Естібаев кемербастаулықтар алдында берген есептік кездесуінде баян етті. Сонымен қатар, жыл басынан бері аталған ауылдық округте көп жылдан бері қордаланған мәселенің бірі аудандық маңызы бар «Түлкібас-Алғабас» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес Елтай және Алғабас ауылының мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Алғабас ауылы, Абралиев көшесін жарықтандыру жұмыстары іске асты.

Дәстүрлі басқосуда ауыл ақсақалдары мен депутаты ұсыныс-өтініштерін ортаға салып, аудан басшысы тарапынан назарға алынды. Еркін форматта өткен кездесуді түйіндеген Асқар Сұлтанұлы, бала тәрбиесі мен ауыл-аймақтың тазалығына қатысты ой қозғап, ел ағаларын тәрбиелі де білімді, табиғатқа жанашыр ұрпақ тәрбиелеу жолында ат салысуға шақырды.

Аудан әкімінің Түлкібас кентіндегі жиыны биыл ғана жөндеуден өткен жаңа Мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімі Асқар Естібаев бекітілген кестеге сәйкес тұрғындар алдында осы жылдың басынан бері атқарылған ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Кездесуде аудан басшысы кент аумағында жүзеге асқан маңызды жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, мәдениет саласында Түлкібас кентіндегі Мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өткізілсе, Иірсу ауылдық клубының ғимаратына да жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Көктерек ауылында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мақсатында ұңғыма қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, Түлкібас кентіндегі Шыңғысбеков көшесіне балалар спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалды. Инфрақұрылым саласында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Шыңғысбеков, Сергенов, Көбей және Байсеріков көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Байсеріков көшесіне асфальт жабыны төселді.

Өткен есептік кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген 26 мәселенің 14-і толық шешімін тапқан. 8 мәселе орындалу үстінде және келесі жылға өтпелі ретінде жоспарға енген. Қалған 4 мәселе зерделену кезеңінде. Кездесу соңында аудан әкімі Асқар Естібаев кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылу керектігін ескертті. Түнгі сағат 22:00 мен таңғы 07:00 аралығында ата-ананың қарауынсыз балалардың сыртта жүруіне тыйым салынатынын қатаң ескертті. Сонымен қатар, тұрғын үйлерде газ иісін анықтайтын арнайы құрылғылар орнатудың маңыздылығын атап өтті. «Қылмыстың немесе оқыс оқиғаның алдын алу – басты мақсатымыз. Сол үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, сақтықты бірінші орынға қоюымыз қажет», – деді аудан басшысы.

Кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер хаттамаға енгізіліп, алдағы жұмыс жоспарына сәйкес іске асырылатын айтып, аудан әкімі жиынды қорытындылады.

Ордабасы: Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды
Ордабасы: Ауданға тартылған инвестиция 27 миллиард теңгеге жетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу