Түркістанда экологиялық және экономикалық орта қалыптасуда

Oinet.kz 15-11-2025 3

Screenshot_1.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 5 жылда елді мекендерде 15 миллионан астам ағаш отырғызу жоспары бекітілген болатын. Бұл іс-шара жоспарында Түркістан облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 миллион көшет егу тапсырылған. Түркістан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болысбек Шәріпбековтың айтуынша, өткен жылы өңірде 2,7 миллион көшет отырғызылып, жоспар артығымен орындалды. Биыл аудан, қалаларды көгалдандыруға 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып, оның ішінде 509 мың түп көктемгі маусымда отырғызылған.  

– Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен барлық аудан, қалаларға және орман шаруашылығы мекемелеріне көшет босату мен алып-кетудің механизмі жасалып, жауапты тұлғалар бекітілген. Ағаш отырғызу барысы арнайы жұмысшы топтармен қадағалануда. Көшет отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін, атқарылған жұмыстардың сапасын анықтау, қоршаулары мен суару жүйелерінің іске қосылуы бойынша қорытынды тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері орналасуы бойынша жақын аудан, қалаларға олардың климаттық ерекшелігін ескеріп, жерінің тұзды, сортаң, тас-топырақты болуына байланысты биіктігі 1,5 - 3 метр болатын жергілікті жерсіндірілген жапырақты (қарағаш, шаған, айлант, ясень), қылқанды (бозарша, арша, қарағай) жеміс ағаштары (өрік, алма, шие, шабдалы) мен биыл гүлді ағаш, бұта (бирючина, лигустра) түрлерін босатып, стандартты көшеттерді отырғызуға басымдық берілді, – дейді Болысбек Шәріпбеков.

Жалпы биыл Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу маусымы 3 қарашада басталған. Болысбек Шәріпбековтың айтуынша, биыл 510750 түп көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығы мекемелері тарапынан  401475 түп көшет босатылды. Ал аудан, қала әкімдіктері тарапынан шұңқырлар қазу, қоршау және суару жүйелерімен қамту жұмыстары 70 пайыз көлемінде атқарылып, 340 мың түп көшет отырғызылды. Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Сайрам, Ордабасы, Төлеби, Бәйдібек, Түлкібас аудандары жоспарды толық орындады.

Ал Келес ауданында көгалдандыру жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында үш гектар аумақта арнайы тұқымбақ құрылған. Биыл оның бір гектарында ағаш көшеттерінің тұқымын себу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Емен және Қаратал ағашының тұқымдары егіліп, олардың өсіп-өнуі үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Қазіргі таңда тұқымдар арнайы витаминдермен байытылған қоспа арқылы себілуде. Жақын уақытта тұқымбақ аумағына тамшылатып суару жүйесі енгізіледі. Бұл үшін арықтан келетін суды жинақтап, тұндыруға арналған арнайы резервуар орнатылмақ. Одан кейін су тұқымдарға тамшылату әдісімен беріліп, көшеттердің біркелкі әрі сапалы өсуіне мүмкіндік жасайды.

«Биыл бір гектар аумақ игерілсе, алдағы жылы қосымша екі гектарға тұқым себу жоспарлануда. Сонымен қатар тұқымбақта жұмыс істейтін мамандарға арналған үй және қажетті техника қамтамасыз етіледі. Келешекте аудан аумағына отырғызылатын ағаш көшеттері осы тұқымбақтан алынатын болады. Жалпы Келес ауданы аумағында күзгі ағаш отырғызу науқанында 25 мыңнан астам ағаш егу көзделген», – дейді Болысбек Шәріпбеков.

Ағаш отырғызу жұмыстары Мақтаарал ауданында да қйымдастырылды. Мұнда жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері жаппай экологиялық іс-шараға атсалысты. Сенбіліктің негізгі мақсаты – ауданның экологиялық ахуалын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Сонымен аудан әкімдігі тарапынан бекітілген 2025 жылдың күзгі көгалдандыру жоспарына сәйкес, жалпы 25300 түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда 20100 түп қара ағаш көшеті жеткізілген. Ағаштар республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына, мекеме ғимараттарының ауласына, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарына отырғызылуда.

Жалпы ағаштардың жерсінуін қамтамасыз ету үшін облыс аумағында отырғызылған суару жүйесі де жолға қойылған. Көшеттер сорғы жүйелері арқылы ағын сумен жүйелі түрде суарылып келеді. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болысбек Шәріпбековтың айтуынша, бұл жұмыстар аймақтың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы экологиялық ортаны қалыптастыруға септігін тигізеді.

Түркістанда жанар-жағармай тапшылығы жоқ, баға – тұрақты
Ордабасы: Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу