Түркістанда жанар-жағармай тапшылығы жоқ, баға – тұрақты

Oinet.kz 14-11-2025 2

zhanarmaj.jpg

Түркістан облысында сұйытылған мұнай газы тапшылығының алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтың айтуынша, биылғы жылдың IV тоқсанына ҚР Энергетика министрлігі тарапынан өңірге 32505 тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы бөлінген. Оның 9972 тоннасы қазан, 11880 тоннасы қараша, 12600 тоннасы желтоқсан айларына бөлінген табиғи отын.

Жалпы Түркістан облысында сұйытылған мұнай газ таратумен 50 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Ал газ құю станцияларының саны – 314. Өңірде сұйытылған мұнай газының бағасы 1 литрі 102-107 теңгені құрайды. Осы жылдың 15 қазанынан бастап облыстың бірқатар ауданында газ тапшылығы байқалған. Атырау облысындағы газ өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты, барлық облыстарда газ тапшылығы орын алды. Салдарынан облыстың газ тұтыну көлемі тәулігіне 450-500 тоннаны құраса, облысқа зауыттан шығатын газ көлемі 250-300 тоннаға дейін төмендеген.

Осыған орай аудан, қала көлемінде жұмысшы топтар құрылып, тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда зауыттардан қараша айына бөлінген 11880 тонна сұйытылған мұнай газының 5706 тоннасы босатылып, субъектілерге жөнелтілген. Мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, аудан, қала аумағындағы бекеттердегі газ қалдығы 487 тоннаны құрап отыр. Сұйытылған мұнай газының тұтынушыларға жеткізілуі және оның бекітілген бағада сатылуына тұрақты мониторинг жүргізіліп, бақылауға алынған.

Бүгінгі күні Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 119 мың тоннаны құрайтын 9 мұнай сақтау қоймасы және 380 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Бүгінде Шымкент қаласындағы мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензиннің 12507 тонна, АИ-95 маркалы бензиннің 1296 тонна, дизельдік отынның 11356 тонна қоры бар. Жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин және дизель отыны еркін босатылуда, тапшылық жоқ.

Жанар-жағармай және сұйытылған мұнай газ тарату барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің де тұрақты бақылауында. Бұл мәселе облыс төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде де талқыланған болатын. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жанармай бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті шараларды қолға алу бойынша тапсырмалар жүктеді.

– Департаменттермен бірлесе, күнделікті мониторинг жұмыстарын күшейтіңіздер. Жанар-жағармайды көрші елге заңсыз тасымалдауды тоқтату мақсатында Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал ауданы әкімдіктерімен рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып, қатаң бақылауға алыңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы өз сөзінде.

Ал облыс әкімдігі кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, бүгінгі күні облыс көлемінде жанар-жағармай тапшылығы жоқ, баға – тұрақты. Жанармай бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау жұмыстары жалғасуда.   

Тағы бір атап өтерлігі, осы жылдың 16 қазанынан бастап бағаны тұрақтандыру мақсатында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілді. Жанармай тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақтандыру бойынша облыс көлемінде арнайы жұмысшы топтар құрылып, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 89 жанармай құю бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталып, баға қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар жанар-жағармайды көрші елге заңсыз тасымалдауды тоқтату мақсатында тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізілуде. Жыл басынан мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 247 факт анықталып, 10,4 миллион теңгеге айыппұл салынған.

Келес: 23 елдімекенге көгілді отын жеткізілді
Түркістанда экологиялық және экономикалық орта қалыптасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу