Қазығұрт: Тұрғындар өтініші ауданның экономикасының артуына көмек болуда

Oinet.kz 16-11-2025 3

FB_IMG_1751100216295-905x608.jpg

Қазығұрт ауданында тұрғындардың өтініші ешқашан ескерусіз қалмаған. Тұрғындар көтерген мәселелер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз септігін тигізіп отырғандығы да белгілі. Осы ретте аудан әкімі Азизхан Исмаилов бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес тұрғындарды жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауыл округі әкімдері мен тиісті мекеме басшылары қатысты.

Қабылдау барысында Қазығұрт, Шарбұлақ, Қарақозы Әбдәлиев, Қызылқия ауылдық округтерінен келген тұрғындар өздерінің бірқатар өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Қызылқия ауылы округінде орналасқан Б.Момышұлы мектебі аумағында орналасқан трансформаторларын жылжыту ауыл туризмі мен кәсіпкерлікті дамыту, шаруа қожалықтарына жер бөлу және жайылымдық жер тапшылығы жайы қозғалды. Сонымен қатар, Қарақозы Әбдәлиев ауылы округі тұрғыны көршісінің мал бордақылаумен айналысып жатқандығын, иісіне шыдау мүмкін еместігін жеткізді.

Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы тұрғындардың әрбір өтінішін мұқият тыңдап, заң талаптарына сәйкес жауап берді. Сондай-ақ көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеу үшін тиісті бөлім басшылары мен ауыл округі әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әкім берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін қадап айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың қатаң бақылауда болатынын атап өтті.

Сондай-ақ аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы Amanat партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихатқа Қазығұрт ауданынан сайланған депутат Алтынсары Үмбетәлиевпен бірге Қазығұрт аудандық партия филиалында азаматтарды жоғарыда айтқандай жеке сұрақтарымен қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қоғамдық қабылдауға қатысқан Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аудан тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерді жергілікті билік деңгейінде саралап, шешу жолдарын бірлесе талқылады. Бұл партияның халықпен кері байланысты нығайту, нақты мәселелерді жедел шешуге ықпал ету бағытындағы жүйелі жұмысының бір көрінісі.

Мәселен, қоғамдық қабылдауда болған Қаржан елді мекенінен келген тұрғын ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт салу қажеттігін айтты. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері жергілікті халықтың күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Өтініш иесіне аудан әкімдігі тарапынан фельдшерлік-акушерлік пункт салуға ұсыныс берілгенін және қазір арнайы зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Әлеуметтік нысан салу  тұрғындардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін арттыратын маңызды қадам екені атап өтілді. Ал Жеңіс елді мекенінің тұрғыны Рысмахан Ахметов ауылға 150 орындық жаңа мектеп салу жөніндегі мәселесін жеткізді. Бұл елді мекенде балалар саны артып, қолданыстағы білім беру ғимараты тарлық етіп отырғаны белгілі. Мектеп құрылысына 1,5 гектар жер телімі бөлінген. 150 орындық типтік мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Алдағы қадам жобаны республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсыну. Депутаттар бұл бағытта партия тарапынан қолдау болатынын айтты.

Келесі Еңбекші ауылынан келген Әлімжан Шәріпхан Қ.Абдалиев ауылдық округіне қарасты Еңбекші елді мекенін табиғи газбен қамту процесін жеделдету жөнінде өтініш білдірді. Аталған мәселе бойынша нақты жұмыстар басталып кеткен. Елді мекенге газ тарту үшін топографиялық түсірілім жүргізіліп, «Қазақ АймақГаз» акционерлік қоғамынан техникалық шарт алынған. Жоба құны 844,2 миллион теңге болып белгіленген. Мемлекеттік сараптама қорытындысы мақұлданып, биыл республикалық және облыстық бюджетке қаржы бөлу жөнінде өтінім жолданған. Алтынсары Дүйсенбекұлы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын атап өтіп, газ мәселесінің кезең-кезеңімен толық шешілетінін жеткізді. Ал Жіңішке және Махамбет ауылдарының бір топ тұрғыны елді мекендердегі ескірген электр бағаналарын ауыстыру қажеттігін көтере келген болатын. Бұл бағыттағы жоба әзір болып, сараптама қорытындысын алған. Ендігі міндет жобаны келер жылға арналған бюджеттен қаржыландыру. Қаржы қарастырылған жағдайда, ауылдағы қауіпсіз электрмен жабдықтау мәселесі толық шешімін таппақ.

 Сонымен Қызылқия ауылдық округіндегі Атажұрт ауылынан келген Талғат Ташев Айнатас елді мекенінде салынған жаңа мектеп ғимаратының құжаттандыру мәселесі туралы айтты. Мектеп құрылысы 2024 жылы аяқталып, қыркүйек айында оқушылар қабылданғанымен, нысанды ресми тіркеу барысында бірқатар кедергілер туындаған. Бұл жағдай ата-аналар мен мұғалімдерді алаңдатып отырғаны белгілі. Партия төрағасы тиісті мамандарға нақты тапсырмалар беріп, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының барлығын желтоқсан айына дейін толық аяқтауды міндеттеді. Бұл процесс партияның тікелей бақылауына алынды.

Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тұрғындарға толыққанды түсіндірме берілді. Әрбір өтініш тіркеліп, оны шешу жолдары анықталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді. Amanat партиясы үшін негізгі басымдық халықтың шынайы мәселесін шешу, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым мәселелерін жүйелі түрде бақылауда ұстау екені тағы бір мәрте көрсетілді. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы мен Партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің айтуынша, кез келген өтініш назарсыз қалмайды, барлық мәселе бақылауда болады.

Түлкібас: Атқарылған құрылыс нысандарының жұмысына жақсы баға беріліп отыр
Қазығұрт: Мал баққанға бітеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу