Түлкібас: Атқарылған құрылыс нысандарының жұмысына жақсы баға беріліп отыр

Түлкібас ауданында жүзеге асырылып, ел игілігіне берілгелі отырған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы аясында жүргізіліп жатқан жоба көп. бұл жобалар аудан әкімі Асқар Естібаевтың тұрақты бақылауында. Кешегі күні ол аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаевпен және жауапты мамандармен бірге аудан аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарға арнайы барып, алдынғы аралауында берген тапсырмалардың орындалуын бақылап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Атап айтсақ, Бақыбек шағын ауданында 100 орындық және Ынтымақ ауылында 200 орындық мәдениет үйі мен Састөбе кентінен екі қабатты 48 пәтерлік екі тұрғын үй бой көтеруде. Бұл нысандардың басындағы құрылыс жұмысымен аудан әкімі жақынырақ танысты. Бұл жерде аудан басшысы жауаптыларға нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуын талап етіп, көп қабатты үйдін іргетасын биіктетіп, жыл соңына дейін шатырын жауып, жауын-шашын астында қалдырмауды ескертті.
Бұдан кейін Састөбеге барды. Мұнда Асқар Сұлтанұлы әлеуметтік желіде жылу жүйесіне қатысты 1 Мамыр көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің тұрғыны көтерген мәселенің орындалуын жеке өзі бақылап, тексерді. Састөбе, Көктерек, Кемербастау, Жыланды, Амангелді, Тастұмсық, Жыланды елді мекендеріндегі таза ауыз су жүйесіне жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Аудан әкімі жауапты мекеме басшысына жұмысты қарқындатуды тапсырып, осы айдың аяғына дейін барлық құрылыс жұмыстарын бітіріп, орталық су жүйесіне қосуды тапсырды. Жалпы биылғы жылдың екінші жартысында аудан аумағындағы таза ауыз су жүйесінде проблемасы бар 14 елді мекенге тиісті қаржы бөлініп, ретке келтіру жұмыстары іске асуда.
Келесі кезекте аудан әкімі аудан орталығы Тұрар Рысқұлов және Балықты ауылдық округіндегі шағын өнеркәсіптік аймақтарда болып, ондағы құрылыс нысандарының жұмыс барысын бақылады. Бүгінгі күні аудан орталығындағы аталған аймақта өз кәсібін өркендетуге қызығушылық танытып отырған алты кәсіпкер қажетті нысанның құрылысын бастауға бел буып отыр. Оның төртеуі іргетасын құю жұмыстарын бастап кеткен. Бұл жерде, жиһаз шығаратын және тағы басқа шағын өндіріс ошақтары шоғырланбақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан құрылыс жүргізуге қажетті су, электр энергиясы жеткізіліп, жол жасалған. Ал Балықты ауылдық округінде 10 гектар жерде шағын мал шаруашылығы кластерін дамыту жоспарлануда. Яғни, қызығушылық танытқан 10 кәсіпкер ет бағытындағы төрт түлікті бордақылауды жоспарлауда. Бұл жерге, қазіргі таңда жол түсіп, электр энергиясын жеткізу масқатында трансформатор мен бағаналар орнатылды.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Түлкібас кентіндегі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалған Көбей көшесінде болып, ондағы құрылыс жұмысының сапасын бақылап, мердігерге жұмысты барынша қарқындату бойынша нақты тапсырма берді. Атап өтерлігі, Түлкібас кентіндегі көп жылдан бері жергілікті тұрғындардың көкейтесті мәселесі болып келген Байсеріков, Шыңғысбеков және Көбей көшелері жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда екі көше аяқталып, Көбей көшесінің 800 метр жеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстары ғана қалып отыр.
Ал Састөбе кентінде көше жарықтарын орнату жұмысының жұмысын көрді. Аудан әкімі Састөбе кентіндегі Айдарбеков және Жыланды бұлақ көшелеріне барып, көше жарығын орнату жұмыстарының барысымен танысты. Аталған көшелерге жалпы саны 71 көше жарықшамы орнатылатын болады. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы тұрмысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба. Жоба 2026 жылға өтпелі нысан ретінде жоспарланғанымен, мердігер «Samruk Project LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың қараша айының соңына дейін толық аяқтауды көздеп отыр.
Аудан басшылығы жауапты мамандарға жұмыстың сапасына баса мән беруді, белгіленген мерзімде аяқтауды сұрады. Жалпы аудан басшысы жұмыс сапары аясында барлық нысандарды толық көріп, аралап шықты. Мердігерлер тарапынан жіберілген кемшіліктерді жоюды, құрылыс нысанын жоба кестесінен кешіктірмей уақтылы тапсыруды міндет етіп қойды. Аудан әкімінің сөзінше, бұдан былай да аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын таппақ. Қорыта айтқанда, ауданда бүгінге дейін атқарылған құрылыс нысандарының жұмысына жақсы баға беріліп отыр.


