Арыс қаласы: Қала дамуында әрбір пікір, әрбір ұсыныс маңызды

Oinet.kz 24-11-2025 5

1-218.jpg

Арыс қаласы тұрғындарының өтініш-тілектері шаһар басшылығы тарапынан ешқашан ескерусіз қалған емес. Қала әкімінің кездесулерінде, жеке қабылдауында айтылған мәселелер назарға алынып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. 

Арыс қаласында биыл тұрғындар сұранысына сәйкес спорт және балалар ойын алаңшаларын көбейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы қала әкімі Қайсар Маңқараев халықпен өткен есептік кездесу барысында мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері қала мен ауылдық округтерден осы бағытта көптеген өтініш түсіп, соның негізінде арнайы жоспар әзірленген. Барлық жұмыстар бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде Арыс қаласы аумағында 10-нан астам жаңа спорт және ойын алаңқайы орнатылып, тұрғындар игілігіне берілген. Оның бесеуі қала ішінде, ал қалғаны ауылдар мен елді мекендерде орналасқан.

Атап айтсақ, қала аумағындағы Н.Ильясов көшесі, Арбат аймағы, Алатау батыр көшесі, Жұмабаев көшесі және Әбдіразақов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ойын алаңдары жабдықталған. Ал Қаражантақ, Орманды, П.Арапов, Аққала, Шөгірлі және Көкжиде сынды ауылдық округтері мен елді мекендерде де жаңа нысандар бой көтерген. Сонымен қатар, биыл Монтайтас елді мекенінде екі жаңа балалар ойын алаңшасын орнату жоспары бекітіліп, орындалу сатысында.

Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары бұнымен шектелмейді. Хлопком, Жиделі және Монтайтас елді мекендеріндегі үш футбол алаңшасы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, балалардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, қала ішіндегі Алатау батыр және Самал тұрғын аудандарында заманауи кіші футбол алаңқайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың айтуынша, спорт және ойын алаңшаларын көбейту – тек инфрақұрылымдық даму ғана емес, балалар мен жастар үшін пайдалы орта қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызды бастама. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын таппақ.

Сондай-ақ қала әкімі халықпен өткен есепті кездесуінде биылғы жылдың негізгі басымдығы – қаланың инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындар көтерген мәселелерді жүйелі түрде шешу екені атап өтті. Соның ішінде қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелердің бірі – жол қауіпсіздігі және бағдаршам санын арттыру болатын. «Жыл басында тұрғындар тарапынан бағдаршам орнату бойынша көптеген ұсыныс түсті. Біз қауіпті аймақтарды зерттеп, нақты учаскелерді анықтадық. Қазір орнату жұмыстары басталып кетті», – деді қала әкімі.

Биыл Арыс қаласы бойынша төрт жаңа нүктеге бағдаршам орнату жоспарланған. Солардың бірі – көп жылдан бері қауіпті аймақ саналып келген Ақдала ауылдық округінің бұрылысына қойылып, бүгінде пайдалануға берілген. Сонымен қатар жақында ғана ашылған «Келешек» мектебінің бұрылысына да бағдаршам орнатылуда. Қалған екеуі қала ішіндегі Төле би мен Оспан Байдәулетов көшелерінің қиылысына және Сырдария елді мекеніндегі Азизаев пен Мақатаев көшелері қиылысына қойылатын болды. Бұл жұмыстар жол қозғалысын реттеуге, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етпек.

Бұдан бөлек, халық сұранысына сәйкес қаланың 16 жеріне жаңа заманауи аялдамалар орнатылған. Жаңартылған аялдамалар жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып, қоғамдық көлік күту жағдайын анағұрлым жақсартты. Бұл қаланың көлік инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен өткен есепті кездесуде бұған дейін 6 ауылдық округті аралап, тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көпшілік ортасына шығарып талқылаған болатын. Бұл жолғы жиында әкім қалалықтармен бірге атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды ортаға салды.

– Биыл қала мен ауылдық округтерде бірқатар жұмыстар атқарылды. Жасалған істердің дені тұрғындар сұранысы бойынша жүзеге асқанын айта кеткен жөн. Жыл басында өткен кездесулерде көтерілген көптеген мәселелер бүгінде біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, Тараз тұрғын ауданында жаңадан ашылған «Келешек мектепке» апаратын 3 көшеге, сондай-ақ Отырар тұрғын ауданында бой көтерген жаңа білім ордасына асфальт жол салынды. Бұдан бөлек, Ақмұрзаев (Махалля) көшесіндегі 5 тұйық көшеде асфальттау жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Қалау датқа (Мехколонна) шағын ауданындағы 4 көше де толық асфальттанбақ. Сонымен қатар, Ақдала ауылдық округінде жол салынбаған 3 және Қожатоғай ауылында 2 көшеге асфальт жол төселуде. Жалпы, биыл қала мен ауылдық округтерде 20-ға жуық көше асфальттанып, 10-нан астам көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Кіре беріс Аркадан қалаға дейінгі 10 шақырымдық күре жолға және қалаішілік 4 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды, – дейді Қайсар Маңқараев.

Сондай-ақ тұрғындар өтінішіне сәйкес, қала ішінде Ардагер, Елетов, Мақатаев көшелеріне, сондай-ақ «Арыс–Монтайтас» облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойындағы Аршабай, Қабылсай, Ақтас елді мекендерінің тұсына жасанды жол кедергілері орнатылған.

– Жыл басынан бері бірнеше мәрте қала мен оған қарасты ауылдық округтерді аралап, көкейлеріңізде жүрген мәселелерді бірге талқыладық. Әрбір кездесуде тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері назарға алынып, биылғы жұмыс жоспары соған сай айқындалған болатын. Осы апта тағы да ауылдастармен кездестік. Бүгін Арыс қаласының Мәдениет үйінде қорытынды есептік кездесу өтіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды тағы бір мәрте сараладық. Мен үшін ең маңыздысы – барлық бастаманың тұрғындар сұранысына негізделуі. Жыл басындағы кездесулерде көтерілген мәселелердің басым бөлігі бүгінгі күні кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қала мен ауылдық округтерде жаңа көшелерге асфальт төселді, жолдар жөнделді. Тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында 16 жаңа аялдама орнатылып, 4 нүктеге бағдаршам қойылды. Балалар мен жастардың демалысын тиімді өткізу үшін 10-нан астам спорт және ойын алаңшалары іске қосылды, бірнеше футбол алаңшалары жөнделді. Қала мен ауылдық округтерде спорт залдар мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жалғасуда, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл – тұрғындардың әрбір кездесуде айтқан ұсыныстарыңының нәтижесі. Біз жұмысты тек жоспар деп емес, халықтың нақты қажеттілігі деп қараймыз. Алдағы уақытта да қаланың да, ауылдық округтердің де мәселесін кейінге қалдырмай, бюджеттің мүмкіндігіне қарай жүйелі түрде шешуді жалғастырамыз. Арыс – біздің ортақ үйіміз, оның дамуына әрбір пікір, әрбір ұсыныс маңызды, – деді Қайсар Маңқараев.

Ордабасы: «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – агросаланы көтеру
Түркістанда қаржы саласының қызметкерлері марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу