Түркістан қаласы: Шағын аудандарда маңызды жобалар жүзеге асырылуда

Oinet.kz 28-11-2025 6

755033b1-2a54-40d9-9f8b-682216c800b9-780x470.jpeg

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардағы Бірлік секторында болды. Бұл сектордың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтсақ, таза ауыз су, кәріз, электр және газ жүйелерін жетілдіруге арналған жұмыстар жоспарға сай орындалуда. Сонымен қатар кәріз жүйесі бойынша Бірлік секторы аумағында үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 17 көшеде кәріз желісі тартылған. Жыл соңына дейін ұзындығы 1,5 шақырым болатын 5 көшеге абоненттік кәріз желісін жүргізу көзделген.

Ал электрмен қамту бағытында биыл 26,2 шақырымды қамтитын 21 көшеге 750 электр бағанасы орнатылған. Жалпы жоба аясында 60,3 шақырым электр желісі тартылып, 14 жаңа трансформатор орнату жоспарланған. Сонымен қатар, 2026 жылға дейін ұзындығы 12,68 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Ал биыл Наурызым көшесінде ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталмақ. Сондай-ақ, Бірлік секторындағы 179 көшенің 96 пайызы жарықтандырылған. Бұдан бөлек, биыл 4 жаңа аялдама орнатылып отыр.

Сектор аумағында 12 ойын алаңы бар. Биыл тұрғындардың сұранысына сәйкес екі жаңа спорт және ойын алаңы пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, Сығанақ көшесіндегі заманауи ойын алаңы мен Айналма тас жолындағы абаттандыру нысандары толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Қоғамдық қауіпсіздік мақсатында 42 бейнебақылау камерасы және 4 нөмірлік тану камерасы орнатылуда. Бұл жүйелер облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады.

Бірлік секторында атқарылған жұмыс көп. Сектор тұрғындарымен болған кездесуде қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мұнда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Осыған дейін қала басшысының халықпен кездесуі Бекзат секторы мен Сауран секторында өткен болатын.

Мәселен, Бекзат секторының тұрғындарымен болған кездесу барысында ондағылар қоғамдық көлік қатынасы, инфрақұрылым сапасы, таза ауыз су, кәріз жүйесі және жер мәселелері бойынша өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізген болатын. Қала басшысы тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, бірқатар өзекті мәселелерге қатысты нақты шешімдер қабылдап, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бекзат секторы аумағында да атқарылған жұмыс көп. Атап айтсақ, абаттандыру аясында биыл №18 мектеп пен «Балғын» балабақшасы маңында екі балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, 12 ойын және воркаут алаңшаларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2026 жылы тағы екі жаңа ойын алаңы салынып, негізгі көшелерде көгалдандыру мен суғару жүйесін орнату көзделуде. Жол инфрақұрылымы бойынша Бекзат секторының 132,1 шақырымды құрайтын 141 көшесінің 98 пайызы жарықтандырылған. Биыл 6,6 шақырымды құрайтын төрт көшеде орташа жөндеу аяқталып, тағы екі көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге, О.Жандосов көшесі кеңейтіліп, асфальт және жиектастар жаңартылды. Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жобасы басталып, құрылыс жұмыстары 2026 жылы толық аяқталады. Сондай-ақ, биыл Бекзат секторының Жиделі көшесінде жаңа заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Әлеуметтік қолдау бағытында сектор аумағында әлеуметтік дүкендерге арналған төрт жер телімі анықталып, үшеуінің құжаттары рәсімделіп, бір дүңгіршекті орнату жұмыстары жүргізілуде.

Ал Сауран секторы аумағындағы бір және екінші шағын аудандардағы 75 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы толық қамтамасыз етілген. Таза ауыз су жүйесіне қатысты 75 үйдің 14-і жөндеуден өтсе, 48 үй қалыпты жағдайда, ал 6 үйде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Көпқабатты үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жоспарланған 15 үйдің барлығында жұмыстар толық аяқталған. Сондай-ақ, Сауран шағын ауданында таза ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызды құрайды.

Қала тұрғындарының 98 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал қалған 83 абонент бойынша газ желісін тарту жобасы әзірленіп, алдағы жылы іске асыру жоспарлануда. Сектордағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі бүгінде 60,2 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін 66,7 пайызға жеткізу көзделген. Сонымен қатар, 156 көшенің 96 пайызы жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Осы жылдың қараша айына дейін қалада 30 әлеуметтік дүкен іске қосылды, оның 7-і Сауран секторында орналасқан. Сонымен қатар, спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында қала аумағында 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Солардың бірі – Сауран секторының М.Төлебаев көшесінде орналасқан спорт кешені ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріліп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және кәсіби спорттың дамуына мүмкіндік берді.

Бұл шағын аудандардағы кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарын тыңдады. Әзімбек Пазылбекұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, қаланың өркендеуіне өз үлесін қосуға шақырды.

Арыс қаласы: Әлеуметтік-инфрақұрылым нысандарының қатары округтерде артып отыр
Сауран: Қос округте атқарылған жұмыс көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу