Келес: Жәрмеңкеде 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынылды

Келес ауданында тұрғындарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жұмыс іздеп жүрген азаматтарға мүмкіндік беру және жергілікті кәсіпорындар мен мекемелерге кадр табуға қолдау көрсету.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесіне келгенде алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр. Бұл еліміздің орнықты дамуының, халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады. Президентіміз Жолдауында денсаулық, мәдениет, білім салаларымен қатар халықты жұмыспен қамту шараларына көңіл бөлгені жақсы белгілі. Осы бағытта қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Аудан бойынша «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы сәтті жүзеге асып келеді. Биыл жоспар 110 пайызға орындалып, 1700-ден астам азамат жаңа жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 600-ден аса отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, кедейлік деңгейі біршама төмендеген.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне ауданның түрлі саладағы кәсіпорындары, мекемелер мен жеке кәсіпкерлер қатысып, 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынған. Келген тұрғындарға кеңес беріліп, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер таныстырылды. Көпшілігі сол жерде-ақ жұмыс берушілермен келісімге келіп, жұмысқа орналасуға жолдама алды.
– Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Жалпы, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру Келес ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар: халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Бүгінгі күні аудан бойынша еңбек нарығын дамыту бағытында бірқатар нәтижелі жұмыстар жүзеге асып жатыр. Мәселен, «enbek.kz» платформасы арқылы 252 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқудан өтіп, сертификат алды. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 420 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 145 азамат өз ісін бастау үшін мемлекеттік грант иегері атанды.
Сонымен бірге субсидиялық жұмыс орындарына жолданғандардың саны да артып отыр. Мүмкіндігі шектеулі және пробация есебіндегі азаматтар да назардан тыс қалған жоқ. 169 мүгедектігі бар тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылып, 54-і тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 48 пробация есебіндегі азаматтың 20-сы тұрақты жұмыс тапты, – дейді Жәнібек Ағыбаев.


