Келес: Бірлесу мен Ақтөбе округтерінде ілгерілеу бар

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауданға қарасты ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен арнайы кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дауының барысымен таныстыруда. Аудан басшысының қатысуымен Бірлесу ауылдық округінде есепберу жиыны өтті. Кездесу барысында әкім ауылда іске асқан маңызды жобаларды таныстырды.
Оның айтуынша, ауыл ішіндегі 31 көшенің 10 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайы 90 пайызға жеткен. Ал 28 гвардия ауылында орталық және ішкі көшелерге жарық бағаналары орнатылған. Қазақстан және 28 гвардия елді мекендерінде таза ауыз су тазарту қондырғылары іске қосылмақ. Су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Солтүстік Ташкент каналы мен арық атыздарды механикалық тазалау жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар су арналарын ретке келтіруге және егіс алқаптарын тиімді суаруға мүмкіндік береді. Кездесу барысында Жәнібек Ағыбаев ауылдың дамуы мен экологиялық ахуалға ерекше тоқталды.
– Біз бәріміз бір ауылдың, бір елдің перзентіміз. Табиғат – біздің ортақ үйіміз. Оның тазалығы мен көркеюі – әрқайсымыздың жауапкершілігімізде. Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы – осы жауапкершіліктің нақты көрінісі. Ауылымызды таза ұстап, айналамызды көгалдандыру – болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен сый, – деді аудан әкімі. Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Әкім барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, кейбір ұсыныстарды алдағы жұмыс жоспарына енгізуді тапсырды.
Ақтөбе ауылдық округінде де атқарылған жұмыс көп. Биыл Ақтөбеге қарасты Кеңдала, Ынтымақ және Лесбек батыр елді мекендерінің көшелеріндегі жарық шамдары толық жөндеуден өткізілген. Ал Лесбек батыр ауылындағы Жамбыл көшесіне лоток орнатылып, Ынтымақ елді мекенінің Бейбітшілік көшесіне бес шақырым жолға шағал төселген. Сондай-ақ, округке қарасты он елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жаңа су құбырлары тартылып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысына да тоқталды. Көкбұлақ ауылындағы электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары бойынша жобалық құжаттамаға түзету енгізілуде. Қаратөбе мен Ғ.Мұратбаев елді мекендері арасындағы 8,6 шақырым жолды орта жөндеу жобасы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Ал Жуантөбе мен Ескіқорған ауылдарында жаңа мектеп ғимараттарының құрылысына қатысты жобалар облыстық құрылыс басқармасының қарауында, тиісті сараптамалар дайын. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округі аумағында өрт сөндіру бекетін ашу жұмыстары да қолға алынған. Бұл мақсатта Жаңадәуір елді мекенінен жер телімі бөлініп, құжаттары әзірленген. Биыл маусым айынан бастап маусымдық өрт сөндіру қызметі жұмыс істеуде. Кездесу соңында ауыл тұрғындары өз ұсыныстарын білдіріп, шешімін күткен мәселелер бойынша пікір алмасты. Әкім тұрғындардың әр сауалына нақты жауап беріп, барлық ұсыныстар назарға алынатынын айтты.


