Шардара: Негізгі басымдық – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту

Oinet.kz 24-11-2025 6

_gluster_2025_11_6_c14e004590a35690e3b8073e9b80053c_1280x720.jpg

Түркістан облысында Шардара су қоймасына оқшауланған су массаларын жіберу үшін байланыстырушы каналдар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы диқан қауымы үшін ағын судың маңызы зор. Бүгінгі күні облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде ирригация жүйесіне қатысты жұмыстар көптеп атқарылуда. Қазір егіс алқаптарына су беру кезеңі аяқталса да, алдағы жылға дайындық жұмыстары өңірде бүгіннен басталып кетті.

Бүгінгі күні облысымызда ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша бірнеше жоба іске асырылуда. Соның бірі Шардара ауданында «Қызылқұм-1» ирригация-дренаж жүйесін реконструкциялау жұмысы. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда жалғасын табуда. Бұл жұмыстар Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында ирригация және дренаж жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында іске асырылуда.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шардара ауданындағы су жинау және су шаруашылығы нысандарын реконструкциялау қалай жүргізіліп жатқанын тексеріп, өңірдегі каналдардың құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын. Министр Қызылқұм-1 жүйесіндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын да көрді. Бүгінгі күні бұл жүйедегі құрылыс-монтаж жұмыстары аясында 180,02 километр канал, 763 гидротехникалық құрылысжай, 233,4 километр коллектор және 2,2 километр қызмет көрсету жолдары реконструкциядан өтті. Ұзындығы 7,94 километр болатын 6R-1-4-2 каналы толығымен темірбетонмен қапталды.

Жоба 12532 гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суармалы сумен жабдықтауды жақсартады, оның ішінде 6444 гектары Алатау ауылдық округінде және 6088 гектары Қызылқұм ауылдық округінде орналасқан.

– Жақында ғана аяқталған вегетация кезеңі аптап ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты күрделі жағдайда өтті. Енді келесі жылғы суару маусымын тұрақты өткізу үшін кешенді дайындық жүргізіп, барлық жобаны сапалы орындау қажет. Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартумен қатар, суды үнемдеу технологияларын енгізу және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері бойынша шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту де маңызды, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бүгінде Түркістан облысында Шардара су қоймасының оқшауланған су массаларын негізгі су айдынына жіберу үшін байланыстырушы каналдар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шардара су қоймасын батиметриялық зерттеу кезінде 107 миллион текше метр су сыйымдылығы бар 10 оқшауланған тоған анықталды. Осы тоғандардың алтауы Арнасай бөгетінің жанында орналасқан, олардың жалпы сыйымдылығы 57 миллион текше метр. Машканал (Машиналық әдіспен су көтеру каналы) мен «Шымкент-Жетісай» тас жолының арасында жалпы сыйымдылығы 50 миллион текше метр болатын тағы төрт тоған табылды. Су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін 32,6 километр байланыстырушы каналдар салынып жатыр. Бұл каналдар осы тоғандардан суды Сырдария өзеніне, содан кейін Шардара су қоймасына бағыттайды. Бұдан басқа, Арнасай бөгетінің маңындағы «Шардара-Жетісай» автожолының бойында орналасқан тоғаннан Шардара су қоймасына су жіберу үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл тоғанның көлемі – 67 миллион текше метр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында су шаруашылығы саласын дамыту үшін ирригациялық жүйелерді жаңғыртудың маңызын атап өтті. Осы бағытта біз шетелдік серіктестермен тығыз жұмыс істеп келеміз. Мысалы, жуырда Финляндия Президенті Александр Стуббтың Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану мен басқару, тәжірибе және заманауи технологиялар алмасу, сондай-ақ екі елдің тиісті мемлекеттік органдары арасындағы институционалдық және ғылыми-техникалық байланыстарды нығайту бағытындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Меморандум сондай-ақ суды өнеркәсіптік жолмен тазарту және қайта пайдалану технологияларын дамыту, су үнемдеу технологияларын қолдану тәжірибесімен алмасу, деректер жинау, су есебін цифрландыру және су мониторингі салаларында инновациялар мен технологиялармен бөлісуді көздейді. Сонымен қатар тараптар су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару бойынша тәжірибе алмасуға ниетті. Құжатта бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білікті мамандар даярлау жоспарланған, оның ішінде жерасты суы мен су дипломатиясы салаларында да кадрлар дайындау қарастырылған. Бұл меморандум – үздік тәжірибелер мен инновациялық шешімдерді енгізуге жол ашатын бірлескен бастамалар мен жобаларды жүзеге асырудың маңызды қадамы. Қазіргі уақытта Қазақстанда су шаруашылығы саласын жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Біз Финляндияның су ресурстарын тиімді басқару, инновациялық технологияларды енгізу және тұрақты су пайдалану тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Мұндай халықаралық озық тәжірибені енгізу ортақ мақсаттарға жетуімізге көмектеседі. Мұндай заманауи жобалар Түркістан облысында да жүзеге асыруда. Атап айтсам, Қызылқұм-1 жүйесіндегі каналын реконструкциялау кезінде заманауи технологиялары қолданылып, олардың тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденді, – дейді Нұржан Молдиярұлы.

Осы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен жақынырақ танысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен арнайы кездесті. Министр кездесуде аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндады. Кездесу барысында тұрғындар министрге каналдарды салу және реконструкциялау, суару суына берілетін субсидиялар, судың «қара нарығымен» күрес және балық шаруашылығына бөлінетін су лимиттерін қайта қарау мәселелері бойынша сұрақтар қойды. «Өткен вегетация кезеңі ауыл шаруашылығының тиімділігі суды қаншалықты ұқыпты әрі жауапкершілікпен басқара алуымызға тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, сонымен қатар су саласын дамытуда жүйелі көзқарасты талап етеді. Сол себепті біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу, реконструкциялау және суару жүйелерін автоматтандыру жобалары суды тиімді пайдалануға және оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Жиында тұрғындар өңірдегі каналдарды жөндеуге қатысты сұрақтар қойды. Жалпы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – Мемлекет басшысы министрлікке жүктеген негізгі міндеттердің бірі. Министрдің айтуынша, ел бойынша гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жоспарын іске асыру үшін жеке инвестициялар тартылуда. Сонымен қатар су ресурстарын басқаруды автоматтандыру және цифрландыру саласында жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Дегенмен суды үнемдеуге тек мемлекет қана емес, тұтынушылардың өздері де үлес қосуы қажет. Ол үшін су үнемдейтін технологияларды енгізіп, ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге көшу маңызды.

Кездесуд диқандар мен шаруалар су үнемдеу технологияларын енгізу мен суды тиімді пайдалану мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Әрбір сұраққа министр мен сала мамандары тарапынан жан-жақты әрі нақты жауаптар берілді.

«Қорыта айтқанда, Түркістан облысында өткен вегетация кезеңі ауыл шаруашылығының тиімділігі суды қаншалықты ұқыпты әрі жауапкершілікпен басқара алуымызға тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, сонымен қатар су саласын дамытуда жүйелі көзқарасты талап етеді. Сол себепті біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу, реконструкциялау және суару жүйелерін автоматтандыру жобалары суды тиімді пайдалануға және оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді, – дейді министр.

Шардара: Демеушілер Көксуға таза ауызсу мен жаңа ойын алаңын салып берді
Қазығұрт: Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу