Арыс қаласы: Жаңа өндірістік парктің құрылысы жандана түсті

Түркістан облысындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстары жандана түскен. Мұндай жұмыс қарқынын Арыс қаласында жаңа өндірістік парктің құрылысы қарқынына қарап байқау қиын емес. Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың айтуынша, бүгінгі күні өндірістік аймақта жер тегістеу және инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өндірістік ғимараттардың құрылысы басталған. Нысанда құрылыс техникасы үздіксіз жұмыс істеуде, дайындық жұмыстары толыққанды өндіріс кезеңіне өтуге жақын.
– Бүгінгі күні Арыс қаласындағы жаңа өндірістік паркте жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы құны – 215 миллион теңгені құрайды. Бұл жобалар іске асырылған соң 30-дан астам тұрақты жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жоба Арыс қаласының индустриялық әлеуетін арттырып, кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді, – дейді қала әкімі.
Сондай-ақ құрылыс басында болған қала әкімі жобаның маңызын атап өтіп, жауапты мамандарға құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік беретінін алға тартты.
Бұдан бөлек, қала әкімі Қайсар Маңқараевтың сөзінше Арыс қаласында франциялық Alstom компаниясымен бірлескен электровоз шығаратын зауыт құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаның іске асуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. 2,9 гектар аумақта орналасатын зауыт жылына 2 мыңға жуық электровоз құрастыруға қауқарлы. Сондай-ақ мұнда теміржол құрамдарына қажетті техникалық қызмет көрсету бағыты да дамиды. Айта кетейік, франциялық Alstom компаниясы теміржол саласына арналған локомотивтер, жоғары жылдамдықты пойыздар мен трамвайлар шығару бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында
Қала әкімі Қайсар Маңқараев құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты, мемлекет тарапынан жобаға қажетті қолдаулар толық көрсетілетінін айтып, жауапты мамандарға мәселелерді уақтылы шешуді міндеттеді. Бүгінде нысанның инженерлік жүйелерін тарту бойынша тиісті техникалық шарттар алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын рәсімдеу толық аяқталған.


