Сауран: Ауыл халқының тұрмысын жақсарту – біздің басты міндетіміз

Oinet.kz 21-11-2025 7

Screenshot_1.jpg          Сауран ауданында ауылдық округтерде ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жобалардың игілігін ел көруде. Ауданға қарасты елді мекендерді аралау барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, ауданның 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жөнінде есеп беруде. Осы кездесулер аясында өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар сөз болды.

Сондай-ақ, аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, кездесу аясында Жүйнек ауылдық округінің әкімі Төребай Әбдікәрімов округ аумағында атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, ол өз баяндамасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жол жөндеу, көше жарықтандыру, абаттандыру және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша орындалған жұмыстарға тоқталды.

Ал Қырнақтағы Қарашық орта мектебінің мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімі өңірдегі негізгі салалар – ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім мен денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ал Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев тоғыз айда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Округ аумағында жүзеге асқан абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу, ауыл шаруашылығы мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы істер жөнінде баяндады.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында ауыдық округтерде көп жұмыс атарылғаны да кездесулерде сөз болған еді. Мәселен, Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтүйін елді мекенінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызу жұмысына атсалысты.

Акция барысында жалпы көлемі 1,8 гектар жер телімі абаттандыру мақсатында бөлініп, аумақ толықтай қоршалды. Бұл жерде арық қазу, тегістеу, топырақ дайындау және жасыл желек отырғызу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 3000 түп қарағаш пен шырша ағаштары егілді. Алдағы уақытта бұл аумақты заманауи саябаққа айналдыру көзделіп отыр.

Жобаның басты мақсаты – ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аймақ көлемін арттыру және тұрғындарға таза әрі демалуға қолайлы орта қалыптастыру. Іс-шара барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров табиғатты қорғау мен елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті: «Сауран – жасыл ауданға айналуы тиіс. Әрбір ауылда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, балаларға ойын және спорт алаңшаларын көбейту, ағаш отырғызу мәдениетін кеңейту - біздің ортақ міндетіміз. Құмтүйін елді мекенінде қолға алынған бұл игі іс – тұрғындардың өз туған жеріне деген қамқорлығын көрсететін үлгі», – деді аудан әкімі.

Абаттандыру жұмыстары аясында балалар ойын және футбол алаңшасы да пайдалануға берілді. Заманауи жабдықтармен жасақталған ойын алаңы ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. «Таза Қазақстан» акциясының аясында ұйымдастырылған бұл бастама – Сауран ауданындағы экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты аялау және елді мекендердің келбетін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Мұндай жұмыстар Сауран ауданының Иассы және Үшқайық ауылдық округінде де жүзеге асырылуда. Кездесуде аудан әкімімен қатар Иассы ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов округтің 2025 жылдың қорытындысы бойынша есеп берді. Ол ауылдағы ауыз су, жол, жарықтандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Жиын барысында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, ауылды дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Барлық айтылған мәселелер бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.

          Ал Үшқайық ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде аудан әкімі ауданның 2025 жылдың 9 айындағы даму қорытындыларымен бөлісті. Жиында аудан басшысы өңірде атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы оң өзгерістерді атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді тыңдап, шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстар берді.

– Ауыл халқының тұрмысын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Әр кездесудің мақсаты – халықтың пікірін естіп, мәселені бірлесе шешу, – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Кездесуде Үшқайық ауылдық округінің әкімі Болат Сенбеков те сөз алып, 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша есеп берді. Ол ауылда жүзеге асқан жобалар, инженерлік инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығындағы жұмыстар жөнінде баяндап өтті. Тұрғындар жол, су және әлеуметтік нысандардың жұмысына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әкімдер мен жауапты бөлім басшылары барлық сұрақтарға түсініктеме беріп, көтерілген мәселелерді бақылауға алатынын айтты.

Келес: Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 57,4 миллиард теңгеге жетті
Арыс қаласы: Жаңа өндірістік парктің құрылысы жандана түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу