Сайрам: Маңызды ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда

Сайрам ауданы жыл сайын өсіп, үздіксіз дамып келеді. Тұрғындар санының артуы мен экономикалық белсенділіктің күшеюі нәтижесінде көлік қозғалысы да айтарлықтай артып отыр. Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтың айтуынша, Ақсукент ауылдық округіне тәулігіне шамамен 6500–7000 жеңіл автокөлік кіріп-шығады екен. Сондықтан көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданда арнайы жоба қабылданған.
– Бүгінгі күні Сайрам ауданында құрылыс саласында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі көлік қозғалысы реттеу мақсатында жол құрылысын дамыту. Сондықтан да ауданда жолдар жөнделіп, көпірлер салынуда. Бүгінгі күні Ақсукент ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан маңызды жоба, ол – Төле би және Шахабиддин көшелерін жалғайтын теміржол үсті көпір жобасы. Аталған жоба – аудан тұрғындары көптен күткен және Сайрамның көлік инфрақұрылымында маңызды рөл атқаратын нысан. Бұл жобаны кент үшін де, аудан үшін де маңызы зор жоба, – дейді Мадияр Оразалиев.
Міне, осындай ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Қазіргі уақытта көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде. Құрылысты 2026–2027 жылдары бастау жоспарланған. Көпір пайдалануға берілгеннен кейін Ақсукенттегі жол жүктемесі азайып, көлік қозғалысы жеңілдейді. Тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалып, ауданның көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек, ауданда ірі құс фабрикасын салу мен құрылыс бояуларын өндіретін екі зауыт жоспарлануда. Бұл жобалар ирандық инвесторлардың күшімен жүзеге асыру жоспарланған. Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев жуырда ирандық инвестормен кездесіп, аталған жобалардың жүзеге асырылу барысын бірлесе отырып талқылаған болатын. Инвесторлармен жүздесу барысында жалпы құны 9 миллиард теңге болатын ірі құс фабрикасының жобасы таныстырылды. Жоба негізгі үш бағыттан тұрады. Атап айтсақ, жұмыртқа өндіру, ет бағытындағы бройлер және түйетауық өсіру. Инвестор өз қаражаты есебінен Сайрам ауданында осындай ауқымды өндіріс орнын салуды көздеп отыр. Фабрика іске қосылған соң жергілікті 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында инвестиция тарту және инвесторларға қолайлы жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Сайрам ауданында инвестициялық климатты жақсарту және жаңа жобаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ирандық кәсіпкерлер құрылыс бояуларын өндіретін зауыт ашу жоспарын да ұсынды. Бұл жобаның құны – 350 миллион теңге. Қазіргі уақытта заң талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде, – дейді аудан әкімі.
Кездесу барысында аудан әкімі ирандық инвесторларға жан-жақты жағдай жасау үшін жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.


