Сарыағаш: Бау-бақша өнімі артып отыр

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау шаралары жалғасады. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, басты мақсат – е ауылды жерде ңбек өнімділігін арттыру мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Бұл бағытта аудан әкімдігі әрбір шаруашылыққа жан-жақты көмек көрсетіп келеді.
Мәселен, билік тарапынан беріліп отырған көмектің арқасында жер игеріп, бақша салып, қырыққабаттан мол өнім жинап отырған қожалықтың бірі – «Елдос» шаруа қожалығы. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіндегі «Елдос» шаруа қожалығының егістік алқабында болып, шаруашылықтың көкөніс өндіру бағытындағы жұмыстарымен арнайы танысты.
Қожалық жетекшісі Елдос Әуезовтың айтуынша, шаруашылық 3,5 гектар алқапқа қырыққабат орналастырған. Бұл – биылғы жылдың екінші өнімі. Маусым қорытындысымен шаруашылықтан шамамен 200 тонна қырыққабат өнімін жинау жоспарланып отыр. Өнімдер негізінен ішкі нарыққа өткізіледі. Шаруашылық екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыған, ал өнім жинау кезінде маусымдық жұмысшылар да тартылады.
Ал Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Дихан баба елді мекенінің тұрғыны Камалхан Қонысбаев 50 мың түп қырыққабаттың «Бухарест» сортын орналастырған өз егіс алқабына. Қазіргі таңда шаруа қырыққабатты жинау жұмыстарын бастаған. Өнім жергілікті сауда орындары мен аудандық нарықтарға жеткізілмек. Шаруа бұл бағыттағы еңбегін жалғастырып, алдағы уақытта егіс көлемін ұлғайту және өнім сапасын арттыру мақсатында жаңа агротехнологиялық тәсілдерді енгізуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер Камалхан Қонысбаевтың айтуынша, қырыққабаттың «Бухарест» сортының басты ерекшелігі – жоғары өнімділігі мен ауданның табиғи-климаттық жағдайына бейімділігі.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев жергілікті ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып отырған еңбеккердің еңбегін атап өтіп, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы өнім көлемін арттыру, заманауи суару жүйелерін енгізу, басқа да тәсілдерді дамыту қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысып отырған қожалықтары да бар. Атап айтсақ, Дербісек ауылдық округінде жеке кәсіпкер Б.Әбілқасымов «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл жылыжай шаруа қожалығын құрған. Жылыжайдың құрылысы 2025 жылдың мамыр айында аяқталып, бүгінде көкөніс өнімдері өсірілуде. Жылыжайдағы жылдық өнім көлемі шамамен 45 тоннаға жуық. Жеке кәсіпкердің айтуынша, жылыжай жаңа өнімін беріп, ондағы көкөніс өңір нарығына шығарылуда. Осы округте жылыжай жұмысымен танысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл шаруашылығы бағытындағы басқа да нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті.
Өңір басшысы сапар аясында «Ақ Дәулет» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңында болды. Нысан ет өндіру бағыты бойынша жұмыс істейді. Қожалық бордақылау алаңының құрылысын биыл аяқтауды көздеп отыр. Жобаның жалпы құны 50 миллион теңге. Шаруа қожалықта 7 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, Дихан баба елді мекенінің тұрғыны Ермек Қаңлыбай көктем мезгілінде 66 мың түп құлпынай еккен. Ол үш түрлі жоғары өнімді сорттарды таңдаған: «Монтерей», «Априка» және «Клери». Қазіргі таңда, шаруашылықтан 20 тоннаға жуық құлпынай өнімі жиналды. Тәтті әрі сапалы жидектер Қазақстанның ішкі нарығына және сыртқа нарыққа шығарылуда. Ермек Қаңлыбайдың айтуынша, заманауи агротехнологиялар мен дұрыс күтімнің арқасында құлпынайдың өнімділігі жоғары болған. Алдағы уақытта ол егіс алқабын кеңейтіп, экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр.


