Түркістан облысында ирригация жүйесі бойынша 5 жоба жүзеге асырылуда

Oinet.kz 05-11-2025 3

280px-urapivot.jpg

Су – тіршілік көзі. Диқан қауымы үшін ағын судың маңызы зор. Бүгінгі күні облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде ирригация жүйесіне қатысты жұмыстар көптеп атқарылуда. Қазір егіс алқаптарына су беру кезеңі аяқталса да, алдағы жылға дайындық жұмыстары өңірде бүгіннен басталып кетті.

Бүгінгі күні Түркістан облысында ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша бес жоба іске асырылуда. Бұл шаралар 51 589 гектар егістік алқапқа су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шардара ауданында 20 мың гектар жердің мелиорациялық жағдайын арттыру мақсатында «Қызылқұм» ирригациялық-дренаждық жүйесін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған.

Бұдан бөлек, облыстың сегіз ауданында тік дренаж жүйесіне жататын 95 ұңғыманы реконструкциялау, 512 ұңғымаға күрделі жөндеу жүргізу және 732 ұңғыманы қайта қосу көзделген. Биыл Шардара өңірінде дренаж жүйелерін жетілдіру бойынша екі жоба аяқталады деп күтілуде. Бұл 44 мың гектар алқапты мелиорациялық жағдайын жақсарта түспек. Ал жыл соңына дейін Төлеби ауданында «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бәйдібек ауданында 2027 жылы «Бәйдібек-ата» су қоймасы пайдалануға беру көзделген. Сонымен бірге «Боралдай» және «Иқансу» су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Сондай-ақ үш су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 40 гидротехникалық құрылысжайда көпфакторлы зерттеу жоспарланған. Шардара қаласының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында топтық су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба келесі жылы аяқталады деп күтілуде.

Түркістан облысына осы жұмыс барысымен жақынырақ танысу үшін жұмыс сапарымен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов арнайы келіп, өңір тұрғындарымен кездескен болатын. Министр кездесуде аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Кездесу барысында тұрғындар министрге каналдарды салу және реконструкциялау, суару суына берілетін субсидиялар, судың «қара нарығымен» күрес және балық шаруашылығына бөлінетін су лимиттерін қайта қарау мәселелері бойынша сұрақтар қойды. «Өткен вегетация кезеңі ауыл шаруашылығының тиімділігі суды қаншалықты ұқыпты әрі жауапкершілікпен басқара алуымызға тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, сонымен қатар су саласын дамытуда жүйелі көзқарасты талап етеді. Сол себепті біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу, реконструкциялау және суару жүйелерін автоматтандыру жобалары суды тиімді пайдалануға және оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов министрліктің департаменттері мен комитеттерінің, сондай-ақ «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының қатысуымен өңір тұрғындарының ұсыныстары мен өтініштерін талқылау үшін кеңес өткізді.

Бұдан кейін, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шардара ауданында шаруаларымен кездесті. Жиын барысында «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов су ресурстарын басқару және тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Кездесуге Түркістан облысының әр аймақтарынан келген диқандар мен шаруалар қатысып, су үнемдеу технологияларын енгізу мен суды тиімді пайдалану мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Әрбір сұраққа сала мамандары тарапынан жан-жақты әрі нақты жауаптар берілді.

Ведомство басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру шараларына тоқталды. Атап өтсек, өткен жылы министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу, орнату және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтқан болатын. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді – егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85 пайызға дейін артады. «Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы Қазақстанның оңтүстігінде күрделі жағдай туғызды. Алайда жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде ахуалды тұрақтандырып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ете алдық. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, оңтүстік облыстардағы су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізді, суармалы суды әділ бөлуге бақылау жасады, кезекшілік кестелерін бекітті, заңсыз су алуға қатысты тексерістер жүргізді және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Болашақта мұндай қиындықтарға жол бермеу үшін су үнемдеу технологияларына белсендірек көшу қажет. Осы мақсатта біз заманауи суару жүйелерін енгізуді субсидиялау шарттарын жетілдірдік», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі тапсырмасымен қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Созақ: Жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу