Түркістан облысында «Бәйтерек» холдингімен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда

Oinet.kz 03-11-2025 4

Screenshot_3.jpg

Түркістан облысының экономикасын дамытуға үлес қосып отырған бірден-бір ірі құрылым, бұл – «Бәйтерек» холдингі. Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Рустам Карагойшинмен кездесіп, аталған холдинг арқылы қаржыландырылып жатқан жобалардың өзекті мәселелері мен әріптестікті нығайту жолдары талқыланды.

Облыс әкімінің айтуынша, облыс аумағында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының қолдауымен облыста бірқатар әлеуметтік мәселелер шешілуде. Атап айтқанда, тұрғын үй саласы бойынша Түркістан облысы құрылғалы бері облигация есебінен 147 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы  аяқталып, тұрғын үйге мұқтаж 4692 отбасы баспаналы болды. Кәсіпкерлік саласы бойынша еншілес «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 261,7 миллиард теңге несие қаражатына 4,5 мыңнан астам жоба субсидияланды. Ауыл шаруашылығында жыл басына бері ұлттық холдинг арқылы бірнеше ірі жоба мақұлданған.

– Бүгінгі күні облыс аумағында бірқатар ірі жобалар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы және оған еншілес қаржы институттары арқылы қаржыландырылуда. Бүгінгі кездесуде бірлесіп, іске асырылып жатқан жобалар бойынша өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігі туып отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыстық деңгейі мен әл-ауқатын көтеру, инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту және инвестиция тарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып, өңірді дамыту жұмыстары жалғасады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

Ал «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Түркістан облысының даму бағытын жоғары бағалады. «Түркістан – еліміздің мәдени және рухани астанасы. Біз үшін бұл өңірдің маңызы өте зор. Ең маңызды ресурс – адамдар. Бұл облыста адами капитал жеткілікті, халық саны көп. Тұрғындары – белсенді, іскер, еңбекқор. «Бәйтерек» холдингі өңірді дамытуға үлесін қосады және бүгін айтылған ұсыныстарды зерделейміз. Мақсатымыз – елді қолдау, аймақтарды дамыту», – деді Рустам Карагойшин.

Айтап өтерлігі, облыс тарапынан өңдеу өнеркәсібі мен энергетика саласында «Бәйтерек» холдингіне  жеңілдетілген қаржыландыруды қажет ететін 12 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде жалпы құны 1,1 триллион теңгені құрайтын 5 жобаның құжаты мақұлданған. Сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыруды қажет ететін 172,9 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаның өтінімдері «Бәйтерек» холдингінің еншілес қаржы институттарында қаралып жатыр.

Сондай-ақ кездесуде құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпке жауапты басқарма басшылары мен «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамының басшысы өз салалары бойынша өзекті мәселелерді жеткізіп, қолдау көрсетуді сұрады. Атап айтқанда, «Кең дала» бағдарламасы бойынша шаруаларды ертерек қаржыландыру, өңірдегі өндіріс орындарына қатысты инвестициялық жобаларды қолдау, мақта шаруашылығын несиелендіру көлемін ұлғайту, тұрғын үймен қамту бағытында да тиісті ұсыныстар берілді. Жергілікті кәсіпкерлер де өз сұрақтарын қойып, тиісті кеңестерін алды.

Сарыағаш: Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылуда
Облыс әкімі тапсырмасымен қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу