Шетелдік инвесторлар Шымкентке қызығушылық танытты
Шымкент инвестиция тартуда, өндіріс ашуда және жаңа экономикалық бастамаларды жүзеге асыруда еліміздің алдыңғы қатарлы қалаларының бірі. Соңғы жылдары мегаполистің іскерлік ахуалы, инфрақұрылымдық әлеуеті мен кәсіпкерлік ортасы шетелдік инвесторлардың назарын өзіне ерекше аударуда.

Осындай өзара тиімді әріптестіктің бір мысалы Қытайдың Сяньань бизнес қауымдастығы өкілдерінің Шымкентке жасаған ресми сапары.
Қала басшылығы, жауапты басқарма өкілдері және отандық ірі кәсіпкерлер қатысқан кездесу екіжақты экономикалық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Сапар барысында тараптар Қазақстан аумағында көпфункционалды индустриялық кешен құру мүмкіндігін жан-жақты талқылады. Бұл жоба тек өндіріс ашуды ғана емес, тұтас экономикалық экожүйе қалыптастыруды көздейді.
Жоспарланған кешен бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде индустриялық парк салу, полимерлі шатыр панельдерін шығаратын зауыт іске қосу, ауыз су өндіретін бренд қалыптастыру, сондай-ақ балаларға арналған ойын-сауық орталықтарын дамыту жоспарда бар. Мұндай ауқымды бастама қаланың өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, қызмет көрсету саласының да серпін алуына жол ашады.
Сонымен бірге Шымкентте матрас пен жиһаз шығаратын кәсіпорындарды орналастыру мәселесі де сөз болды. Бұл – қалада бұрыннан сұранысқа ие, әрі нарығы кең бағыт. Оған қоса, әлеуметтік маңызы зор, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін саланың бірі. Ал индустриялық аймақ құру инвесторлардың Шымкентке деген ұзақ мерзімді қызығушылығын дәлелдейтін басты факторлардың бірі саналады.
Кездесу барысында қаланың инвестициялық мүмкіндіктері мен логистикалық артықшылықтары да таныстырылды. Географиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымының дамуы және Шымкенттің экономикалық қарқыны шетелдік кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыратыны атап өтілді. Қытайлық бизнес қауымдастық өкілдері де қаланың даму динамикасын жоғары бағалап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.
Мұндай ынтымақтастық тек бір қаланың ғана емес, тұтас өңірдің даму бағытына серпін береді. Жаңа өндірістердің ашылуы жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар мен бәсекеге қабілетті өнімдер, сонымен қатар трансшекаралық экономикалық байланыстардың кеңеюі деген сөз.
Сяньань бизнес қауымдастығының сапары Шымкенттің халықаралық әріптестер үшін ашық, қолайлы әрі сенімді өңір екенін айқын көрсетті. Шымкент инвесторларға жайлы ғана емес, олармен бірге өсіп-өркендеуге дайын қала.


